Қазақстандықтар қосымшаларды қолданбай-ақ Wi-Fi арқылы қоңырау шала алады

335

0

Фото: ашық дереккөз

Мемлекеттік мекемелерде базалық байланыс станцияларын орнатуға рұқсат берілмек. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев айтты.

«Министрлікте байланыс саласында туындайтын проблемаларды тұрақты қадағалау мен шешу мақсатында жұмыс істейтін Жедел штаб құрылды. Оған министрліктің, жергілікті атқарушы органдардың және байланыс операторларының өкілдері кіреді. Қосымша шара ретінде министрлікпен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің келісімі бойынша мемлекеттік мекемелерде базалық станцияларды орнатуға рұқсат беру бөлігінде заңға тәуелді актіге өзгерістер енгізілуде», – деді министр.

Сондай-ақ ол Voice over Wi-Fi технологиясын іске қосу мәселесі де пысықталып жатқанын айтты.

«Бұл — дәстүрлі ұялы желілердің орнына Wi-Fi желілері арқылы дауыстық қоңыраулар жасауға мүмкіндік беретін технология. VoWiFi радио сигнал өтпейтін, бірақ Wi-Fi бар жерасты паркингтері немесе ғимараттарда, ұялы байланыс желісі нашар жерлерде жақсы байланыс сапасын қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ байланыс саласындағы мемлекеттік бақылау функциясын кеңейту аясында министрлік жергілікті атқарушы органдарға осы салада мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру бойынша құзырет беруді ұсынды. Ел бойынша байланыс сапасын жақсарту жөніндегі жұмыстарға мониторинг жүргізу мақсатында министрлік арнайы цифрлық платформа әзірледі. Онда байланыс технологияларының түрлері бойынша және Қазақстанның барлық елді мекендерін сапалы байланыспен қамтамасыз ету жөніндегі операторлардың жоспарлары бойынша ақпарат орналастырылатын болады», – деді Жаслан Мәдиев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<