Қазақстанның үздік өнертапқыштары марапатталды

837

0

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Елордада өнертабыс саласындағы жетістіктерді паш ететін «Шапағат-2023» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Kazinform

Өнертабыс саласындағы жетістіктер байқауы 2004 жылдан бері өткізіліп келеді. Жиырма жылға жуық уақыт аралығында 200-ге жуық отандық өнертапқыштар мен зиялы қауым «Шапағат» байқауының жеңімпазы атанған.

Ал 2013 жылдан бері «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» номинациясы беріліп келеді.

«Құрметті қатысушылар! «Шапағат» байқауы – талантты өнертапқыштар мен рационализаторлар үшін өз жетістіктерін көрсетуге және еңбегі үшін марапат алуға бірегей мүмкіндік. Биыл байқау 18-ші рет өтуде және осы уақыт ішінде ол өнертабыс пен таланттың нағыз мерекесіне айналды. Жыл сайын бұл шара жаңа өнертабыстар мен жаңа технологиялар, өмірді жақсы жаққа өзгерте алатын серпінді жобалар жасаған жүздеген талантты адамдардың басын қосады. Бүгін біз «Шапағат» байқауының жеңімпаздарына құрмет көрсетеміз, олар өздерінің талантымен және еңбекқорлығымен еліміздегі өнертапқыштық істің дамуына баға жетпес үлес қосуда. Біздің отандық жаңалықтарымыз өндіріс тиімділігін арттыруға, өмір сүру сапасын жақсартуға және еліміздің өркендеуін нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін. Сіздерді шығармашылық-өнертапқыштық белсенділік, ой қозғалысы мерекесімен құттықтаймын! Жаңа жемістер мен тамаша шешімдердің орындауын тілеймін!», – деп құттықтады ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев салтанатты кештің ашылуында.

Биыл еліміздің оннан астам өңірінен 150-ден астам қатысушы «Жылдың ең үздік өнертабысы», «Өнертапқыш әйел», «Үздік инновациялық компания», «Жас өнертапқыш», «Жас дарын» номинациялары бойынша сондай-ақ «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» құрметті атағы үшін додаға түскен болатын.

Жеңімпаздар конкурстық комиссия отырысының қорытындысы бойынша дауыс беру арқылы анықталған. Комиссия құрамына ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, «DARА» Президенттік бастамалар қоры, ҚР ғылым және жоғары білім министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы, «Атамекен» ҰКП, «QazInnovations» инновациялық даму ұлттық агенттігі, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығының өкілдері енген.

Осылайша «ҚР еңбек сіңірген өнертапқышы» құрметті атағы С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті травматология және ортопедия кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Ерғали Нәбиевке берілді.

Жеңімпазға арнайы лента, естелік диплом және 1 млнг теңге сомасында ақшалай сыйақы табыс етілді.

«Жыл өнертабысы» номинациясында «Үлбі металлургия зауыты» акционерлік қоғамы жеңімпаз атанды. Бұл зауыт «Титан бериллидінен ірі габаритті дайындама мен бұйым алу тәсілі» өнертабысына №35417 патентінің иесі.

Авторлары: Колмаков М. Г., Ударцев С. В. Аринова И.В., Зорин Б.Л., Фоминов Г.Ю., Вечкутов А.Н., Богачев В.А.

«Өнертапқыш ханым» аталымында техника ғылымдарының докторы Сәуле Маратқызы Базарбаева жеңімпаз атанды. Ол №35729 «Алынған өнімдерді құрылыс материалдарына кәдеге жарату арқылы шламдарда хромды (VI) детоксикациялау тәсілі» патентінің бірлескен авторы.

«Жас өнертапқыш» номинациясында PhD докторы Александр Сергеевич Барукин жеңімпаз атанды. Ол бірқатар патенттердің иеленушісі және авторы.

«Үздік инновациялық компания» номинациясында А.Б. Бектұров атындағы Химия ғылымдары институты жеңімпаз.

Бұл ұйым – 1997 жылы берілген ҚР өнертабысына алғашқы патенттің, сондай-ақ 1025 қорғау құжаттарының, оның ішінде 60 шетелдік, КСРО-ның 40-тан астам, Ресей Федерациясы мен Еуразиялық патенттерінің иегері.

«Жас дарын» номинациясында Атырау қаласы, IT-мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Қыдырбай Қазыбек жеңімпаз атанды. Ол «Газ бен өрттен қорғау жүйесі» жобасының авторы.

Сонымен қатар, жас буынды ынталандыру мақсатында «Жас дарын» номинациясы бойынша «Өнертабыс саласындағы инновациялық жобалары үшін» 5 дипломант анықталды.

Олар – Павлодар зияткерлік мектебінің оқушылары Мирәлі Ибраев, Зарина Сегізбаева, Орал қаласынан Нұрсұлтан Зинуллин, Тараз қаласынан Әдия Керімқұлова, Астанадан Нұртөре Арнұрұлы, Алматыдан Каролина Доскемпірова.

Естеріңізге сала кетейік «Шапағат» республикалық конкурсын жыл сайын ҚР Әділет министрлігі еліміздегі өнертапқыштық белсенділікті арттыру мақсатында өткізіп келеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<