Қазақтың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлері қандай?

10145

0

Фото: ашық дереккөз

Қазақ халқындағы әр салт-дәстүр адам тәрбиесі мен өмір тіршілікке қажет белгілі бір оқиғаға байланысты пайда болған. Алайда этнограф Бұлбұл Кәпқызы сол салттардың заман дамыған сайын жойылып бара жатқанын алға тартты. Мысалы көтендестіру, балдыз қалың, біз шаншыр деген ескірген салт-дәстүрлерді білесіз бе? Осы тұста Stan.kz тілшісі ұмытылып бара жатқан дәстүрлерге шолу жасап, олардың маңыздылығын этнограф маманнан сұрап білді. 

Этнограф Бұлбұл Кәпқызы қазақтың әрбір салт-дәстүрі ырым-тыйымын толып жатқан құпия сыр-сандыққа балады. Ал қазіргі жастар үшін кейбір атын естімеген дәстүрлердің шынымен құпия әрі қызық екені сөзссіз. Олай болса мүлде ескіріп қолданыстан шығып кеткен салт-дәстүрге шолу жасайық:

Біз шаншыр

Кезінде отбасын құрып, некелесуде үлкендердің таңдауы өте маңызды болды. Себебі қыз жігітке өмірлік жарды ата-аналары арнайы таңдап құдаласатын болған. Егер қыз бала жар болатын жасқа жетсе, сол үйге өзге шаңырақтың ақсақалдары келіп қонатын болған. Олар бір күндей сол үйде тұрақтап, ешкіммен сөйлеспей арнайы ұсынылған асты ішеді. Екінші күні де ешкімге ештеңе айтпастан түс ауа келгендер қайта кететін болған. Ал бұл гәпті түсінген үй иесі сырмақты қағып, қадалған бізді көреді. Одан кейін үйіндегі қайрақты іздейді. Егер қайрақ жоқ болса, демек келгендер сырмаққа бізді қадап, қайрақты өздерімен алып кеткен. Бұл дәстүр біз шаншыр деп аталады. Оның мәні “біз – қыз бала”, “қайрақ – ер жігітті” білдіреді. Яғни “бізде ұл бар, сізде қыз бар” деген ұранда екі жасты некелестірейік деген астарда жасалған. Қыз жаққа құдалардың ұсынысы ұнаса олар алып кеткен қайрақты қайта сұратпайды. 

Көтендестіру

Аты ерсі болса да қазақтың мұндай салт-дәстүрлерінің астары ерекше болған. Көтендестіру дәстүрінде егер екі әйел бір мезгілде босанған болса олар балалары қырқынан шыққанша бір-бірімен мүлде көріспейді. Бұл балаларды түрлі жұқпалы аурулардан қорғау үшін жасалған. Қырқынан шыққаннан кейін ғана екі әйелді арнайы қонақ етіп шақырып, кереге жақта бір-біріне қарама-қарсы арқаларын түйістіріп отырғызған. Осылайша олар сол қолдарымен бір-біріне кәдесый беріп, кейін етене араласып кеткен. Сонымен қатар өздерін қонақ еткен үй иесіне де сыйлық беретін болған. 

Қазақтың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлері қандай?

Фото freepik

Деңгене 

Қазақ салт-дәстүрлері сонымен қатар ойын-сауық мәнде де шығарлған. Мәселен ауылға көрші ауылдан үш-төрт жігіт келгенде өздері түскен үйге “деңгене” деген. Бұдан соң үй иесі ең семіз қойын сойып, түгелдей асып жігіттерге береді. Олар қойдың етін қалдырмастан түгелдей жеуі тиіс. Егер тауыса алмай қалса, үй иесіне орнына екі қой сыйлауға міндетті болған. 

Ат тұлдау

Бұл дәстүрде қаза тапқан ер адам дүниеден өтсе, оның тұлпарын босатып жіберетін болған. Кейін бір жылдан кейін ол тұлпарды тауып марқұмның жылдығында сойған. 

Мойнына бұршақ салу

Бұрындары құдайдан перзент сүюді тілеген жұбайлар мойындарына көгеннің бұршағын салып жүрген. Жұртшылық бала сүйе алмай жүргендердің мойындарынан осындай бұршақты көретін болған.
Қазақтың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлері қандай?Фото pixabay

Осы тұста Бұлбұл Кәпқызы мүлде жойылып кетпеген, әлі күнге дейін кей өңірлерде қолданылатын дәстүрлерді атады.

“Мысалы ат тергеу (келіндердің қайын жұртына ат қоюы) деген дәстүр халықтың арасында әлі күнге дейін бар. Мүлде жойылып кеткен жоқ. Бұрын атам қазақ бір-бірін танымаса да қонғысы келіп немесе көрші болып қонған адамдарға ерулік атқан (кетерде берілетін сый). Ала бала жетістікке жетсе яғни бүгінгі күні оқудан озып, емтиханды жақсы тапсырып, университетке түссе оған туған-туысқандар бәсіре береді.  Бұл салт-дәстүрлер қазіргі заманда мүлде жойылып кеткен жоқ. Тек қолданыс аясы тарылған. Бұрын бүтін бір ауыл дәріптеген болса, қазір бұл тек отбасы туысқандар арасында ғана жасалады. Сондай-ақ көрімдік беру, сарқыт алу, жолдаяқ деген салттарымызды біз бүгінде жиі қолданып жүрміз”, – деді этнограф.

Маман барлық салт-дәстүрдің астары тәрбиеге байланысты болғанын алға тартты.

“Қазақ ешқашан мәнсіз мағынасыз, астарсыз, ұрпаққа жалпы ұлтқа қажетсіз дүние жасамаған. Киімге салған оюымыздың өзінде қаншама мән мен мағына тағылым бар. Салт-дәстүрдің барлығы, ұлттың тәрбиесіне негізделген. Атап айтқанда ұл мен қыздың тәрбиесіне ерекше мән берген. “Ұлыңды басқа үйде тойдырма, қызыңды басқа үйде қондырма” деп дәріптеген”, – деді ол.

Қазақтың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлері қандай?

Фото жасанды интеллект

“Көп нәрсе қаражатқа байланысты болғандықтан маңызды дүниелер жойылып барады”

Осы тұста маман ел жастарын өзге ұлтқа еліктемеуге шақырды.

“Бізде еліктеушілік өте көп. Өзіміздің ұлттық құндылығымызды әдемі, дәстүрлі киім-кешегімізді басқа ұлттың бір таңсығына айырбастап жатырмыз. Қыздарымыз қазақтың ұлттық киімі сәукеле, бөрік, тақияларын, кимешектерін бет-ауыздарын тұмшалап алатын никап, паранджаға айырбастап жатыр. Меніңше мұның барлығы басқа ұлтқа еліктеушілік. Қоғамда мемлекетімізде біріккен бір идеология, әдемі тәрбиенің маңызы әлі қалыптаспай жатыр”, – деп қосты ол.

Бұлбұл Кәпқызының айтуынша, бұрын кішкентай ауылда осындай дәстүрлердің орындалуы қадағаланған. Ал қазір үлкен қалалық жерлерде адамдардың бір-бірімен таныстығы, араласуы, азайған.

“Мұның барлығы тұрмыс-тіршілікте өмір салтымыздың өте жылдам өтіп жатқандығына байланысты. Шыны керек қазір адамдар бір-бірін білмейді, араласпайды. Тіпті көршілер бір-бірін танымай жатады. Көп нәрсе қаражатқа байланысты болғандықтан одан да маңызды дүниелер жойылып барады. Мүлде жойылды, ұлт болудан қалып бара жатырмыз деп айтуға да болмайды. Дәстүр-салтты сақтағысы келіп, дамытуға тырысатын, жан айқаймен айтып жүрген, керемет тәрбиелерін беріп жүрген, ұлтжанды азаматтарымыз өте көп”,- деді этнограф.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<