Қажеттіліктен туған кәсіп

911

0

Бүгінде кәсібін дамыту арқылы өзіне де, замандастарына да көмегі тиіп жатқан қыз-келіншектер қатары көп. Солардың бірі  – жаңақорғандық Айдана  Исрайлова.

Ол өңірде алғашқылардың бірі болып ерекше кәсіпті – балалар  жаялығын шығаруды қолға алды. Осыдан екі жыл бұрын өзіне қажет болған соң бастады. Дүкендегілер балаға аллергия туғызғандықтан, алғашқыда  өз баласына тігеді. Кейін әпке-сіңілдеріне жасап берген. Өзінің жұмысымен қабат жасап жүрген өніміне сұраныстың артуына байланысты кәсіпке бірыңғай бет бұрады. «Еco hanym» атауымен шағын цех ашқан ол бүгінде 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өнімнің дүкен сөресіндегілерден айырмашылығы таза мақтадан жасалған.   

−   Біздің өнімде ешқандай синтетика жоқ, муслин матасынан тігіледі. Муслин – жұмсақ, тоқылған, 100 пайыз мақтадан жасалған көпқабатты мата. Өте жұмсақ және сіңіргіш, қолданған сайын жұмсара түседі. Қазіргі күні сұранысқа орай күніне әртүрлі көлемде тігеміз. Өнімді тек онлайн түрде әлеуметтік желі арқылы сатып отырмын.

Қазір жөргектің түрі өте көп. Дүкен сөрелерінен таңдап жүріп алуға болады. Бірақ шыны керек, көбінің сапасы сын көтермейді. Мен үшін сапа бірінші орында. Себебі алған адам рақатына тұтыну керек. Әсіресе, баланың жөргегі денсаулыққа зиянын тигізбеуі тиіс. Бір жағынан, көп реттік жөргек − экологияны ластамаудың, қаржы үнемдеудің тиімді жолы. Бағасына келер болсақ 3300 теңге. әрине біз шығаратын экоөнімнің бағасы Қытайда жасалғандармен салыстырғанда сәл қымбаттау. Себебі, онда үлкен еңбек жатыр, − дейді ол.

Елімізде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған 5 миллион теңгеге дейінгі қайтарымсыз грант берілетіні белгілі. Дәл осы жобаны кәсіпкер ұтымды пайдалана білді. Өзінің бастаған кәсібін ұлғайту мақсатында конкурсқа қатысып, 5 млн теңгені жеңіп алды. Бұл кәсібін өрге сүйреймін деген Айдана үшін үлкен қолдау болды.

− Қазір кәсіптің көзін тапқан адамға мемлекет тарапынан қолдау жетерлік. Тек өзіңнің ынтаң мен ниетің болса болғаны. Менің қажеттіліктен туындаған кәсібім жоғары деңгейге көтерілуде. Былтыр жаңа бизнес-идеяларды іске асырғысы келетін кәсіпкерлерге арналған жобаға қатысып, қайтарымсыз 5 млн теңге көлемінде грант жеңіп алдым. Басты мақсат – бір орында тұрып қалмай, өнімнің көлемін ұлғайту, нарықтағы сұранысқа жауап беру. Сондай-ақ экоөнімнің пайдасын көрсете отырып, отандық өнімді дамыту. Сұраныс бар жерде  кәсіп өздігінен жүре бастайды. Өзім қалаған кәсіпті игеру арқылы мол табысқа қол жеткізуді қалаймын, − дейді.

Айдана кәсібінің өзіне шабыт беретінін, алдағы уақытта үйде отырған аналарды жұмыспен қамтып, үлкен көлемдегі тапсырысты орындай алатын дәрежеге жеткізгісі, оған қоса аймақты ғана емес еліміздің барлық өңірін экоөніммен қамтамасыз еткісі келетінін де жеткізді.

Отбасының ұйытқысы болып, үйдің тірлігімен қатар кәсібін жандандырып жүрген оған еңбегіңіз жемісті болсын дейміз.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<