Қазақ атын күллі әлемге әйгілеген, ел тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлына тиесілі «Джамбия» қанжары Ұлттық музей қорына табысталды. Қазақтың «күш атасының» қанжары 100 жылдан бері жеке адамдардың қолында жүрген.
Бұл қаруды заманында Стамбұл қаласының әкімі Шағыр паша сыйға тартқан деген дерек бар. Қанжарда арнайы естелік сөз жазылған. Бір бетінде араб және көне түрік-осман тілінде «Күшті, жеңілмейтін Мұңайтпасов Мұқанға», екінші бетінде «Бізден, қажылықтан естелік, Шағыр паша, 1330 жыл» деп жазылған.
Түрік азаматының қазақ палуанына араб қанжарын беруінің де өзіндік себебі бар. Мұқан белдесулерінің бірінде Нуруллах есімді түрік балуанын жеңеді. Оған риза болған Стамбұл әкімі Қажымұқанға құрмет көрсетеді. Тіпті бірге қажылық жасауға шақырған екен. Қанжар – сол сапардың естелік сыйлығы. Бұл жайлы жәдігерді тапқан ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров айтты.
– Осы қанжар маған көрсетілді. Содан кейін белгілі бір адамдарға сатылайын деп жатқан жерінен, қолды болып кетейін деп жатқан жерінен мен айттым жоқ бұл қазақ еліне келгеннен кейін музейде тұруы керек. Оны біздің ұрпақтарымыз көру керек. Және ол тарихи жәдігер елге қайту керек, ол – халықтыкі, – деді Ардақ Назаров «24.KZ» телеарнасына берген сұхбатында.
Ғалымдар джамбияны 111 жыл бұрын Иемен шеберлері жасаған деген тұжырымға келген. Оған қанжардағы «1330 жыл» деген сөз дәлел. Бұл – хижра жыл санауымен жазылған уақыт. Шамамен өткен ғасырдың оныншы жылдарымен сәйкес келеді.
25 желтоқсанда қару Ұлттық музей қорына салтанатты түрде табысталды. Құнды жәдігердің жеке қолдан музейге өтуі ұлт тарихы үшін елеулі оқиға. Сонымен қатар, музейде балуанға тиесілі 26 зат сақтаулы екен.
Араб ұсталарының «Джамбия» қанжарын қазақтың әйгілі балуанына арнайы жасағаны – араб, түркі әлемінің аңыз балуанға деген биік құрметінің белгісі.
Осы тұста бабаның өнегелі өмір жолына қатысты кейбір деректерге тоқталғанды жөн көрдік.
«Қажымұқан – Алтыбас Қыпшақ, біздің туыс аталарымыз болып келеді. Атамыз соғыстан кейін Сыр елін аралаған екен. Марқұм әжем «палуан қайнаға» деп айтып отырушы еді. Үстіне жағасы дөңгелек етіп түймеленген, етегі тізеге таман түсіп тұратын кең көйлек киіп жүреді екен. Қонаққа барған үйдің сәбиін тізесіне отырғызып, сол көйлекке орап алады екен. Кей келіндер ырымдап, ол кісі кеткесін жас баланы отырған орнына аунатып алады екен. Қажымұқан атамыз сол сапарларында Тартоғай, Айдарлы ауылдарында аз ғана қонақ болып, ағайындармен сәлемдескен», – дейді жерлесіміз, ақын Бақытжан Абызов.
«Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі» құрметті атағының иегері Әлем Ақкөбеков мынадай да деректер келтіреді: «Үлкен кісілер айтатын, 1960 жылдары Қазалы стансасының перронында темірден жасаған «галстук» тұратын еді. Астында мұны Қажымұқанның ісі деген жазуы болатын дейтін…»
Әлем Ақкөбековтің әкесі Тартоғайда совхоз директоры болған кісі. Шамасы, Әлем бала кезде Қазалы жаққа барған кезінде естіген болуы әбден мүмкін.
Алып күш иесінің қайтпас қайсарлығы мен табандылығының арқасында жеткен жетістіктері бір төбе. Жекпе-жекке шыққанда намысын қолдан бермей, күрестің басым бөлігінде жеңіске жеткен балуанның ұлағатты өмір жолы салауатты өмір салтын ұстанған жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Қажымұқандай бабамыздың үлгісін көріп, оқып-танып, біліп өскен ұрпақтың келешегі де зор болмақ.
Биболат СӘТЖАН
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<