Кез келген ел өз алдына дербес мемлекет болып қалыптасқаннан кейін алдымен қазынадағы қаржының тиімді игерілуін, әр сала бойынша мақсатты жұмсалуын басты назарда ұстайды. Себебі әрі қарай тәуелсіз ел болуын бірінші кезекте қордағы қаржысы қамтамасыз етеді.
Осы ретте Қазақстанда егемендік алған тұста қазынашылықтың мәні мен негізгі қызметін қамтамасыз ету үшін бұл жүйенің құрылуы мен оның дамуына айқын басымдық берді.
Биыл еліміздің қазынашылық жүйесінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Сол егемендіктің алғашқы жылдары бюджет саласындағы мемлекеттік мекемелердің қаражатын бір орталықтан басқару қажеттілігі туындаған болатын. Кеңестік кезеңдегі жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға өту кезеңінде бюджет саласын жеке сектор мен нарықтың басқа салаларынан оқшаулау мақсатында алғашында Ұлттық банк жанынан мемлекеттік бюджетке кассалық қызмет көрсету мақсатында 1992 жылы есеп-касса орталықтарын ашу ұйымдастырылды. 1993 жылдың қараша айында төл теңге айналымға енгізіліп, сол кезеңге дейін айналымда жүрген кеңестік рубльдің орнын басты.
Бюджеттің жоспарлануын, кірістердің есепке алынуын, шығыстар бойынша төлем операцияларын бір орталықтан басқаруды ҚР Қаржы Министрлігі қадағалап отыру үшін Президент Жарлығы негізінде министрлік жанынан қазынашылықтың бас басқармасы құрылып, 1995 жылы аумақтық қазынашылық басқармалары ашылды. Ұлттық банк құрамындағы есеп-касса орталықтарын қазынашылық жүйесіне өткізудегі өтпелі кезеңде 1996 жылы Қаржы министрлігіне қарасты Бюджеттік банк болып бөлініп шықты. Ал 1998 жылдан бастап Қаржы министрлігінің қазынашылық департаменті мен жергілікті жерлерде облыстық қазынашылық басқармалары мен аудандық қазынашылық бөлімдері болып бір құрылымға біріктірілді.
Тарихы есеп-касса орталықтарынан басталған Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті мен аумақтық қазынашылық органдары болып құрылымдалған қазіргі қазынашылық органының егемен еліміздің экономикасының қарыштап дамуында қосқан тарихи үлесі зор. Үкімет қаулысы негізінде 1999 жылдан бастап «Қазынашылықты жаңғырту» жобасы аясында жаңадан трансформацияланып, мемлекеттік қаржыны басқарудың күшейтілуіне және тұрақты экономикалық өсуге септігін тигізіп, қаржылық процестерді біріктіру арқылы нақтылай ақша ағынын оңтайландыруға, бюджеттік процестердің ашықтығын арттырып, есептілікті жақсартуға қол жетті.
2014 жылдан бері «Қазынашылық-Клиент» ақпараттық жүйесі «Электрондық мемлекеттік сатып алу» автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен біріктіріліп, мемлекеттік сатып алу бойынша төлемдерге құзырлы органдар қашықтан камералдық бақылау жасай бастады.
Облыстық қазынашылық департаменті – облысымыздың бюджет саласында кірістердің түсуі, жоспарланған шығыстар бойынша қаражат есебін жүргізуді, төлем операцияларының мақсатты бағыттарына шығысталуын бақылайтын, жоспарланған мерзімінде орындалуын қадағалайтын маңызды органдардың бірі. Бюджет шығыстары бойынша төлемдерді уақытылы және жылдам өткізуді ұйымдастыруының арқасында бюджет саласымен қоса бюджет есебінен жасалатын құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуға қатысатын мердігер мекемелердің қол астындағы жеке тұлғалардың да еңбекақыларын уақытылы алуы қамтамасыз етілуде.
Департаменттің 8 аудандық және Байқоңыр қалалық басқармалары бар. Штат кестесі бойынша 112 қызметкер бекітілген, оның 61-і департаментте, аудандар мен Байқоңыр қалалық басқармаларында 51.
Облыс бойынша қазынашылық департаменті 829 мемлекеттік мекемеге, квазимемлекеттік сектор субъектілері, жергілікті өзін-өзі басқару, мемлекеттік сатып алу мен білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының ақша түсімдері шоттарына қызмет көрсетті. Оның 59-ы республикалық бюджеттен, 573-і жергілікті бюджеттен, 146-сы жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер, 20-сы квазимемлекеттік сектор субъектілері.
«Қазынашылық-Клиент» ақпараттық жүйесінде мемлекеттік мекемелердің бюджет қаржысын мақсатты жұмсалуын қадағалап, олардың атқарылуы жөніндегі операцияларын жүргізу барысында былтыр 599305 қаржылық құжат қабылданып, оның 589508-і өңделсе, 9797-і ресми хат арқылы орындаусыз кері қайтарылды. Ол жалпы қабылданған қаржылық құжаттардың 1,6%-ын құрайды.
Департамент облыс көлемінде «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік» жобалары бойынша жасалатын келісім-шарттарды тіркейді. 2017 жылдан бері «Е-Минфин» автоматтандырылған жүйесінде келісім-шарттарды тіркеу арқылы жеке тұлғалардың әлеуметтік салаға да инвестиция құюына мемлекет тарапынан кепілдік беріліп отыр. Осындай жобалар бойынша облыс көлемінде 2017-2023 жылдар аралығында барлығы 14821643,3 мың теңгеге 60 жобаның келісім-шарты тіркелді.
Жоғарыда аталған қызметтерден бөлек 2021 жылдан бері құрылыстағы мемлекеттік сатып алу барысында әлеуетті өнім берушілердің жұмыс тәжірибесін электронды конкурстар кезінде автоматты бағалау, олардың өтінімдеріне сәйкес бұрынғы жасаған күрделі құрылыс жұмыстарының есебін жүргізу үшін электрондық депозитарийге тіркеу жүргізіліп келеді. Өткен жылы мемлекеттік сатып алу саласында электрондық депозитарийді қалыптастыру және жүргізу жұмыстарын ұйымдастыруда мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы әлеуетті өнім берушілерден 1586 өтінім қаралды.
Қазынашылық органдарында жоба-сметалық құны 2 миллиард теңгеден асатын құрылыс нысандары бойынша бас және қосалқы мердігерлерге мемлекеттік сатып алу бойынша шоттар ашылып, қаржылық қамтамасыз етілуіне қызмет көрсетілуде. 2019-2023 жылдары сметалық құны 2 млрд теңгеден асатын жаңадан тұрғызылатын құрылыс объектілері бойынша 25 нысанға сүйемелдеу жүргізілді. Оның 7-інің құрылысы аяқталды, 1 нысан бойынша келісім-шарт күші жойылды, 17 нысанға қазынашылық сүйемелдеу жүргізілуде. Бұл шоттардағы қаражат нақты қаралған нысанның құрылысы бойынша ғана шығысталып, басқа бағыттарға қаражат жіберілмеуі қадағалануда. Сондай-ақ сол құрылыс нысаны бойынша қаралған салықтар мен жұмысшылар жалақысының уақытылы берілуі қамтамасыз етілді. Құрылыс жұмыстарына қазынашылық қызмет көрсету мердігерлердің екінші деңгейлі банктерге төлейтін шығындарын біршама үнемдеуімен қатар құрылыс салудағы заңдылықтардың сақталуына да көмегі зор екендігін атай кету керек.
Мемлекеттік сатып алулар бойынша мемлекеттік мекемелердің келісім-шарттарындағы міндеттемелерін жоспарланған қаражат есебінен қазынашылық органдарында тіркеу арқылы бюджет қаражатын алдын ала резервтеуге мүмкіндік беріп, әлеуетті өнім берушілерге де өздері ұсынған өнімдеріне қаражаттың уақытылы төленуіне мемлекет тарапынан кепілдік берілген.
Қазынашылық органындағы, қызмет атқарып, қазір басқа салаларда абыройлы еңбек етіп жүрген әріптестерді, зейнетке шыққан барша ардагерлерді жүйенің құрылуына 30 жыл толуымен құттықтаймын. Еліміздің, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлестеріңіз еленіп, халықтың алғысына бөлене берулеріңізге тілектеспін!
Ә.ДҮЙСЕНБАЕВ,
облыс бойынша қазынашылық департаментінің басшысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<