ҚХА өкілдері марапатталды

968

0

«Достық үйінің» концерт залында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының салтанатты іс-шарасы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет елдегі халық бірлігін, этносаралық достық пен қоғамдық келісімді сақтау мен нығайтуда ерекше рөл атқарған Қазақстан халқы ассамблеясының маңыздылығын атап өтті.

– Тәуелсіздікті, елдегі татулық пен келісімді күшейтуде Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі айрықша екенін атап өту керек. Бүгінде консультативті ғана емес, Конституциялық органға айналған Ассамблеяның жоғары заң шығарушы орган – Парламентте де өкілдігі бар. Қазіргі таңда бізде 11 этномәдени бірлестік, 9 қоғамдық құрылым жұмыс жасауда. Атап айтсақ, қоғамдық келісім, аналар, медиаторлар кеңестері, ғылыми-сарапшылық топ, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, тағы да басқалар. Біз тәуелсіздік пен бірлікті нығайта отырып, Отанымыз – Қазақстан Республикасының табысты дамуы мен өркендеуіне қол жеткізетінімізге нық сенім білдіреміз. Тәуелсіздік туы желбірей берсін, елімізде тыныштық бейбітшілік, ұлтаралық келісім орнай берсін! – деді Серік Әбжәліұлы.

Облыс әкімінің орынбасары өңірдің рухани-мәдени дамуына, этносаралық бірлік пен қоғамдық келісімді сақтауға қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтарға марапаттар табыстады. Атап айтқанда, облыстық неміс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ирина Шек пен өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі Кахар Дадашевке «Халық алғысы» медалі берілді.

Сондай-ақ, аналар кеңесінің төрағасы Рахима Ахметова, ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі Айтжан Оразбақов облыстық ассамблеяның «Бірлік» медалімен, аналар кеңесінің мүшесі Анжелика Садықбекова Құрмет грамотасымен, «Славяне» қоғамдық бірлестігінің белсендісі Елена Павлова Алғыс хатпен марапатталды.

Бұдан бөлек, облыстық ассамблея құрылымдарының бірқатар басшылары мен белсенділеріне алғыс хат тапсырылды. «Болашақ» университеті «Ең қайырымды ЖОО», облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Ең қайырымды ұжым», «Ел-Арай» қоғамдық қоры «Ең қайырымды демеуші» номинацияларын иеленді. Ал, «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қоры «Ең қайырымды ұйым», Болат Өтемұратов қоры «Ең қайырымды қор» атанды.

Іс-шара соңы концерттік бағдарламаға жалғасты.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<