ҚМДБ-ның бес уақыт намаз бен жұма намазына қатысты мәлімдемесі

753

0

Жуырда мемлекеттік ведомствоаралық комиссиясының (ВАК) селекторлық отырысының шешімі бойынша 2 қарашадан бастап еліміздің барлық мешіттерінде (жұма намазын қоспағанда) бес уақыт намаз өткізуге рұқсат берілген болатын.

Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіттерде жұма намазын оқуға қатысты ел тұрғындарына келесідей мәлімдеме жасайды:

Біріншіден, қазіргі уақытта еліміздің мешіттерінде күнделікті бес уақыт намаз жамағатпен оқылады, алайда жұма намазы уақытша оқылмайды.

Осыған орай, ҚМДБ мұсылман қауымын мемлекет заңына мойынсұнуға және түрлі арандатушылық әрекеттерге салынбауға шақырады. Өйткені, Әбу Ханифа мәзһабында жұма намазы дұрыс болу үшін мемлекет басшысы немесе оның орынбасары жалпы рұқсат (изн ғам) беруі шарт. Бұл жайында Мулла Али Қари (Алла оны рақымына алсын) былай дейді: «Жұма намазын өтеу үшін жалпы рұқсат (изн ғам) етілуі шарт. Себебі, жұма намазы – Ислам белгілерінің бірі. Ол адамдар арасында ашық түрде орындалуы тиіс («Фәтху баб әл-ғиная», 1/565). Сондай-ақ, шариғатта: «Имам (басшы) заңды негізде ел тұрғындарына жиналуға рұқсат етпесе, халық жиналмауы керек», – деп айтылған («Фәтауа Һиндия», 1/206). 

Екіншіден, ханафи мәзһабында: «Жұма намазын оқуға рұқсат етілмеген жағдайда, бесін намазы күндегідей жамағатпен оқылады», – делінген («Фәтауа Бәззәзия», 1/69). Сондықтан жұма күні бесін намазы мешіттерде санитарлық талаптарды сақтаған халде жамағатпен оқуға рұқсат етіледі немесе үйінде оқиды.

Құрметті жамағат!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мешіттер жамағатын Үкіметіміздің жұма намазын уақытша тоқтатуына байланысты шешіміне түсіністікпен қарауға және оған сабырлық танытуға шақырады.

Алла Тағала елімізді бірліктен айырмасын, халқымызға амандық, дінімізге қуат берсін! Әмин!

  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<