Жақында «Тұмар» баспасынан өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы мен Гүлзира Жұмабайқызының «Құтты мекен – Қоғалыкөл» атты кітабы жарыққа шықты.
Бұл кітапта Сырдария ауданы «Қоғалыкөл» ауылының топырағынан түлеп ұшып, ұрпағы күллі қазақ халқына ортақ қайраткерлерге айналған Лапиндер әулеті мен Қожықовтар отбасының тарихи жолы, қарама-қайшылыққа толы қым-қуыт өмір белестері баяндалады.
Мұнымен қоса кітап авторларының бірі Жұмабай Байзақұлының ауылдың ағеден адамдарының ақжарылқап пейілі мен болмысын суреттеген «Құлболды ишан», «Ана», «Алғашқы ұстаз», «Аңшының серті», «Атамекен», т.б. айшықты әңгімелері топтастырылған.
Жұмабай Байзақұлы «Бесарық» ауылдық музейінің негізін қалаған. Ауылдың «СССР-дің 50 жылдығы» атын «Бесарық» атауына өзгерту мақсатында ономастикалық комиссияға ұсыну үшін «Бесарық бастауы» атты кітап жазған. Одан да басқа «Берекелі Бесарық», «Бесарық» ауылының құрылғанына 60 жыл толуына орай «Берекелі, мерекелі Бесарық», «Қалдырған ізің мəңгілік», «Əулетім – асыл дəулетім», «Ақжол», «Еңбекпен өрілген өмір», «Дала мен бала», «Өнегелі өмір», «Бесарықтан Берлинге дейін», «Қоғалыкөл қаһармандары», «Əшімхан əлемі», «Жердің аты – тарихтың хаты», «Бесарықтың берені», «Тұғыры биік тау тұлға» кітаптарының авторы.
Əубəкір Гүлзира Жұмабайқызы – облыстық тарихи-өлкетану музейі «Ақмешіт» музейі филиалының ғылыми қызметкері. Стамбулда жарық көрген арнайы жинаққа мақаласы енген.
Кітап Қоғалыкөлді танығысы келген барша оқырманға арналған.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<