Қоғам айнасы және құндылықтар арқауы

675

0

«Достық үйінде» облыстық қоғамдық даму басқармасы «Сыр қоғамы – руханият бесігі» атты жылдық қорытынды салтанатты шарасын өткізді. Оған облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Биыл тәуелсіз Қазақстан жаңа бастамалар мен саяси реформаларға тың қадам  жасады. Ата заңымыз – Конституцияға өзгерістер енгізілген бүкілхалықтық референдум маңызды шара болды. Ал жиырмасыншы қарашадағы ең ауқымды әрі маңызды саяси оқиға – Қазақстан Республикасы Президентін кезектен тыс сайлау болды. Бұл сәтте де Сыр халқы мызғымас бірлік пен тату тірліктің нағыз үлгісін көрсетті.

Жыл алмасар шақта әрбір сала атқарылған  жұмысын саралап, алдағы күннің міндет межесін анықтайды. Тарих қойнауына еніп бара жатқан кезеңді облыстық қоғамдық даму басқармасы аймақтың қоғамдық-саяси ахуалының тұрақтылығы мен идеологиялық тұрғыдағы толымды тірліктермен нәтижелеуде. Жастар театры артистерінің қойылымымен басталған салтанатты шараның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов өтіп бара жатқан жылда облыстық қоғамдық даму басқармасы 20 жылдық белесті қорытындылап, жаңа кезеңге аттағанын айтты. Жылдың есте қаларлық оқиғаларына тоқталды.

–       Тарих қойнауына еніп бара жатқан 2022 жыл қасіретті қаңтар оқиғасымен басталды және мәңгі есте қалды. Халқымыз өте қиын сынақты бастан өткерді. Мемлекетіміздің тұтастығына, азаматтарымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің болашағына қауіп төнген сол күндер бәріміздің жадымызда. Тұнығымызды лайлауға әрекет еткендерге дер кезінде тойтарыс берілді. Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихына «Қасіретті қаңтар» деген атпен енді. Өткеннің сабағы жаңа қоғамның табалдырығын аттап, баршамыздың ортақ үйіміз –  Жаңа Қазақстанды құруға түрткі болды. Бастысы – ел басына түскен осындай сынақты қайыспай, біртұтас ел болып еңсере білдік.

Сол сындарлы сәтте Мемлекет басшысы халыққа арнап бірнеше үндеу жасап, жағдайды жан-жақты түсіндірді. Бұл ретте, азаматтық қоғам өкілдері де халықты елдік мүддеге шақырып, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін, татулық пен тұрақтылықтың, тыныштық пен бейбітшіліктің қаншалықты маңызды екенін бұрынғыдан да белсенді насихаттады. Қоғамда тараған түрлі қауесеттің жалған түсініктің қалыптасуына жол бермеді.

«Жаңа Қазақстан» термині пайда болғалы қоғамдық-саяси ахуалды сараптап отыратын қоғамдық даму басқармасына бұған қатысты сұрақ талай рет қойылған болар. Бұл ұлттық идея халықты ұлттық тұтастыққа, бірлікке, әділеттілікке ұмтылдырды. Бір аймақтың, бір әлеуметтік топтың емес, тұтас ұлттың мәселесі жақындасу, бауырласу үрдісін жылдамдатты, – деді Нұрымбет Аманұлы.

Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан құру бастамасы жыл бойы саясаттың, экономиканың, идеологияның алтын тіні болды. Нұрымбет Сақтағанов жалпыұлттық референдумда Сыр бойы жұртшылығы белсенділік танытқанын атап өтті. Биыл Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылғанын, оны 25-қазанда еліміздің басты мерекесі ретінде атап өту туралы ұсыныстың кең көлемде қолдау тапқанын да тілге тиек етті.

Түбегейлі бетбұрысқа жол ашқан ауқымды өзгерістердің бірі Президент сайлауы еді. Сайлау науқанында еліміздің болашағы туралы түрлі мазмұнды пікірталастар өрбіді. Бұл ретте де  Сыр жұрты өз болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Науқанды өңірлер бойынша екінші орынмен қорытындылап, елдік мұратқа келгенде ата жолы мен ерік білдірудің заманауи, өркениетті жолын сабақтастырды.

Облыс әкімінің орынбасары бүгінде әлеуметтік-саяси шиеленістің алғышарттарын анықтау үшін тұрақты мониторинг жүргізіліп келетініне тоқталды. Өзекті мәселелер тоқсан сайын «Әлеуметтік шиеленіс ошақтары картасына» енгізіледі.

– Әлеуметтанушылар өңірде қолға алынған жаңа бастамаларға, өзекті түйткілдерге, қордаланған мәселелерге зерттеулерді ұдайы жүргізеді. Нәтижесінде, облыс әкіміне қоғамдық даму басқармасы тарапынан 12 ұсыныс беріліп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру үшін құзырлы мекемелер бірқатар тиісті шара қабылдады. Республикалық және облыстық медиа кеңістіктегі бұқаралық ақпарат құралдарында жоғарыда аталып өткен саяси маңызды шаралар, Мемлекет басшысының Жолдаулары, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жетістіктерімізді көрсететін түрлі тақырыптар талқыланды. Бұл бағыттағы барлық жұмыстарды үйлестіру де осы қоғамдық даму басқармасының құзырында. Жыл бедеріндегі Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингтер санының артуы, 20-ға жуық интернет ресурстардың ашылуы ақпараттық дәуірдің беталысын аңғартқандай.

Азаматтық қоғам институттарымен, мемлекеттік тіл саясаты саласындағы, өңірдегі этносаралық ахуалға қатысты, жастар саясаты, діни ахуалды зерделеудегі барлық қызметі аймақтың қоғамдық-саяси ахуалының тұрақтылығын сақтауға бағытталды. Өтіп бара жатқан жылда облыстық қоғамдық даму басқармасы 20 жылдық белесті қорытындылап, жаңа биігінің табалдырығын аттады, – деп атап өтті Н. Сақтағанов.

Айта кетейік, Қызылорда облысы әкімдігінің 2002 жылғы 30 қазандағы №526 шешіміне сәйкес «Қызылорда облыстық ішкі саясат департаменті» болып құрылған мекемеде алғашында 4 бөлімде 12 қызметкер жұмыс жасаған (қазір 8 бөлім, 50 қызметкер). Онан бері де бірнеше рет құрылымдық өзгерістер болып, Әбенов Мұрат Абдуламитұлы, Жарқынбаев Ғайнулла Зейнуллаұлы, Мұхамеджанова Әлия Ғафурқызы, Дәдікбай Марат Кенжебекұлы, Жәлиев Нұрхан Бұқарбайұлы, Күмісходжаев Ербол Серікбайұлы, Рүстемов Руслан Рүстемұлы, Жылқышиева Жазира Жақсылыққызы, Қайруллаев Айдын Бөкенбайұлы, Маханов Талғат Толыбайұлы сияқты басшылар басқармаға жүктелген жұмыстарға жетекшілік етті. Биылғы жылы құрылымның атауы «Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы» болып қайта өзгертіліп, Қазбекова Мира Жомартқызының басшылығымен ашық азаматтық қоғамды одан әрі дамытып, аймақтың қоғамдық-саяси ахуалының тұрақтылығын сақтауда тынымсыз әрі ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары «Түбегейлі реформалар қарсаңында, күрделі жолдың басында тұрған еліміздің Әділетті Қазақстан құру мақсаты өз ісін білетін, жанашыр, патриот жандардың жанкешті еңбегімен ілгерілейді. Осы мұрат жолында баршамызға жүктелер міндет аз емес», – деп шегелей түсті. 

Салтанатты шарада қоғамдық-саяси маңызды шараларда белсенділік танытып, аймағымыздың дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың Алғыс хатымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ 27 номинация бойынша «Жыл үздіктері» анықталды.

 Шараның мазмұнды өтуіне басқармаға қарасты мекемелер азаматтары да үлес қосты. Олар микрофон ұстап өздерінің жүргізушілік шеберліктерін көрсетті. Жыл жабар жиынның татулықты ту еткен «Достық үйінде» өтуінің өз себебі бар. Облыстық қоғамдық даму басқармасы жұмысының алға басуына жыл көлемінде қолдау білдіріп, әріптестік орнатқан мемлекеттік мекемелер мен ұжымдар, жекелеген азаматтарға да алғыс білдірілді. Әсіресе, Қызылорда облысының ардагерлер кеңесі, облыстық қоғамдық кеңес, облыстық әйелдер кеңесі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалын және басқа да мекемелерді атап өтуге болады.

Сахнаға өзге ұлт өкілдері де шығып, қазақ тілінде сөйлеп, шараның әрі қарай мазмұнды өтуіне атсалысты. Фархат Халилуллаев және Наталья Мишукова, Светлана Крюгер тіл жанашырлары екенін тағы бір аңғартты. Облыстағы  тіл саясаты бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы бейнеролик арқылы көрерменге ұсынылды.

Жас ақын Мақсат Дауылбай дүниеден өткен қаламгерлерге, қоғам белсенділеріне өлеңін арнап, «Өтіп жатыр өмір, шіркін» әнін орындады. Бұқара мен биліктің арасында дәнекер болған БАҚ өкілдеріне құрмет көрсетілді. Қай кезде болмасын алдыңғы шепте жүріп,  кешегідей пандемия кезінде дәрігерлер, күштік құрылым өкілдерімен  бірге ең қиын сәттерде шынайы ақпарат таратқан журналистер қауымына да басқарма қызметкерлері ризашылықтарын білдірді. Өңірлік БАҚ-тың тыныс-тіршілігі мен жетістіктері паш етілді.

Сыр өңірі – қазақылықтың, руханияттың қайнаған ордасы. Аймақтың ғасырлар бойы қалыптасқан шығармашылық мектебінен өткен  және сала мамандарынан тәлім алған мыңдаған журналистер еліміздің әр өңірінде, абыройлы қызмет етуде. Бүгінде облыстың медиа кеңістігіндегі 148 БАҚ-та 2500-ге жуық қаламгер жұмыс істейді. Заман талабына сай жаңғыру мен жаңарудың жолында бұл іргелі индустриялы салаға айналды. Кейінгі екі жылдың ішінде өңірде 20-дан астам ақпараттық интернет ресурс ашылып, бәсекелестік орта қалыптасып келеді. Еліміздегі түрлі саяси-тарихи маңызды шаралар, Мемлекет басшысының Жолдаулары, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, ғылымы мен жетістіктерін көрсететін түрлі тақырыптарда республикалық БАҚ-та 2289 ақпарат жарияланса, жергілікті телеарналарда 90 мың сюжет, 6300 бағдарлама мен ток-шоу әзірленген. Ал облыстық, қалалық, аудандық газеттерде жарияланған 25 мыңға жуық мақала 10 миллион данамен таратылған.

Журналистер қауымының ел өміріндегі өзгерістерді бағамдап, жаңалықтарды жедел әрі шынайы жеткізудегі қызметі өлшеусіз. Олар уақытпен санаспайды, керісінше уақытты пайдалануда мейлінше тиімді жұмыс атқарады. Кеште белгілі журналистер Алтынай Молжанова, Мұрат Жетпісбаев, Гүлнұр Бүркітбаева, Олжас Дәуіт сахна төрінде ән шырқап, көрермен көңілін серпілтті.

Шара барысында өңірдегі 35 түрлі этнос өкілдерінің тату-тәтті тірлігі үлгі етілді. Олар мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі мен Жаңа Қазақстанды бірге құруға өз үлесін қосуда.  Бірлік пен татулықтың алтын діңгегіндей облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы туралы бейнероликте баяндалды. Неміс этномәдени бірлестігі жанындағы «Адажио» шоу бағдарламасымен жалғасқан кеш жұртшылықты жалықтырмады. Сыр жастарының да толымды тірліктері айтылып, көрермен назарына ұсынылды. Қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытатын азаматтық қоғам өкілдері де сахна төріне шығып, ән салды.

Облыстық қоғамдық даму басқармасының жыл тоғысар сәттегі қорытынды шарасы әдеттегі жиындардай емес, жаңа сипатта, жаңа мазмұнда әсер қалдырды.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

 «Сыр бойы»

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<