Бүгінде қоғамның алдында тұрған басты міндетің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу.
Жасөспірімдердің қалыптасуына әсер ететін факторларға келсек, отбасындағы қарым-қатынас оның тұлға ретінде қалыптасуы үшін тәрбиелік мәнге ие. Қазіргі уақытта көптеген отбасында балаларды ата-ананың бірі, көбінесе анасы тәрбиелейді. Бұл жасөспірімді қадағалауға, моральдық қолдауға, тұлғаның қалыптасуына кей жағдайда кері әсер етеді.
Мұғалімдермен қарым-қатынасы қиын жасөспірімдер көбінесе сыныпта оқшауланып, өздерін бөтен сезінеді, сабақты нашар оқып, мінезі күрделене түседі. Олардың құқықбұзушылық жолына түсуіне ықпал ететін басты себептің бірі осы.
Отбасында және мектепте қолдау көрмеген, көңіл бөлінбеген соң басқа орта іздейді. Жасөспірім осылайша қарым-қатынас жетіспеушілігінің орнын толтыруға тырысады. Әдетте, мұндай жасөспірімдердің ештеңеге қызығушылығы жоқ, спорттық, басқа да үйірмелер мен секцияларға қатыспайды, уақытты мақсатсыз өткізуге мәжбүр.
Тек отбасының, мектептің және әлеуметтік мекемелер мен ұйымдардың бірлескен, үйлесімді жұмысы оң нәтижеге жеткізеді.
Өскелең ұрпақтың дұрыс тәрбие алуы құқығының сақталуы жолында аянбай еңбек ету – біздің басты парызымыз. Жас жеткіншектерді жаңа заман талабына сай, озық ұлттық дәстүр рухымен тәрбиелеу керек.
Нұрбол АЛДАБЕРГЕНОВ,
Қызылорда қалалық полиция басқармасы
жергілікті полиция қызметі бөлімі ювеналды
полиция бөлімшесінің аға учаскелік полиция
инспекторы, полиция майоры
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<