Шиелідегі «Ардагерлер үйінде» аудандық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиында Шиелі АПб бастығы, полиция подполковнигі Дәулет Беркінбаевтың «Аудан көлеміндегі жалпы қылмыстық жағдай, оның алдын алу шаралары туралы» есебі тыңдалды. Соңынан сұрақ-жауаппен күн тәртібіндегі мәселе толықтырылды. Отырысты аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қабілеш Бекішов жүргізіп отырды.
– Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында өткен жылы атқарылған жедел қызметтік жұмыстар нәтижесінде қылмыстық ахуал тұрақты болып қалыптасты. Жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтың тіркелуі төмендеді, – деді аудандық полиция бөлімінің басшысы. – Өткен жылы тіркелген қылмыстарды ұрлық, алаяқтық құраса, қалғаны – өзге санаттағылар. Кейінгі бес жылға жасалған талдау нәтижесіне қарасақ, жылдан-жылға төмендегендігін байқаймыз. Дегенде, өткен жылы кісі өлтіру және оған оқталу өскен.
Полиция подполковнигінің мәліметінше, кейінгі жылдары алаяқтық қылмыс өршіген. Мәселен, бірнеше адамға жер алып беремін деген аудан тұрғыны теріс әрекетпен құрықталған. Интернет желісі арқылы өзгені арбауына түсіру деректері жиілеген көрінеді. Жұртшылық мұндай теріс пиғылдылардың алдауына түсіп қалмас үшін оның насихатын жиірек жасау тиімді болмақ. Бұл орайда БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы арамызда алаяқтық жасауға бейім жандардың кездесетінін ескертіп отыруымыз қажет. Ішкі істер органдары «Алаяқтықтан абай болайық» тақырыбымен тұрғындарға жадынама таратып, оларды көпшілік жиналатын орындарға ілу сынды алдын алу жұмыстарын жүргізіп отырады. Мұның сыртында республика көлемінде «Hi-tech» іс-шарасы өткізілгенін айтты.
– Бүгінде аудан орталығында, ауылдық округтерде учаскелік полиция инспекторлары, олардың көмекшілері қоғамдық тәртіпті сақтау жолында қызмет жасап келеді, – деді АПб басшысы.
Қоғам мүшелерінің және полицияның басты міндеттерінің бірі – тәртіптің сақталуы, айналаға қолайсыздық туғызатын жағдайларға жол бермеу, қылмыстың алдын алу. Бұл орайда аудандық полиция құрамы ішімдікке құмар, қылмыс жасауға бейім, отбасының шырқын бұзатын азаматтарды тіркеуге алып, тиісті шаралар қолданып отырады. Мәселен, өткен жылы Ішкі істер министрлігінің біріктірілген деректер банкіне әртүрлі санатпен профилактикалық және тізімдік есепке алынғандар бар. Сонымен қатар, маскүнем санатымен де есепке қойылған. Отбасында, тұрмыстық ортада жасалатын қылмыстардың алдын алу бағытында қорғау нұсқамалары шығарылып, олардың жүріс-тұрысы бақылауға алынған. Мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленіп, қадағалануға алынғандар да бар.
Өз хабарламасында Д.Беркімбаев одан әрі қылмыстың алдын алу барысындағы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Мал ұрлығы, пәтер тонау, көлік ұрлау, т.б. оқыс жағдайларды болдырмау мақсатында профилактикалық шаралар жыл бойы ұйымдастырылатынын атап өтті.
Есептен соң қоғамдық кеңес мүшелері өздерін толғандырған мәселелер бойынша сауалдар беріп, оларға толық жауап алды. Атап айтқанда Болат Күлімбетті аудан көлеміндегі көлдерден балықты тоқпен аулайтындардың зиян келтіргені қынжылтады. «Осыған шара көрілсе» дейді қоғамдық кеңес мүшесі. Сондай-ақ, қоғамдық кеңес мүшелері С.Бекпенбетов, Б.Сыздықов, Т.Бабасов өз сауалдарына берілген жауаптарға қанағаттанды. БАҚ өкілдерінің сауалдары да назарда болды. Аудан тұрғыны құмар ойын орындарын жабу туралы өз ұсынысын білдірді. Бұл орайда атқарылып жатқан шаралар туралы айтылып, тиісті жауап берілді.
Қоғамдық кеңестің отырысын төраға Қ.Бекішов қорытындылады.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы





