Қоғам талабы күшейіп келеді

383

0

Жаңғыру мен жаңаруға бет алған қоғамда мемлекеттік қызметке деген сұраныс талабы жыл сайын күшейіп келеді. Бұл ретте Президент бастамасымен кәсіби мемлекеттік аппарат құру және мемлекеттік қызмет аясын кеңейту жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп, тиімділігін таныта бастады. Әрбір қызметті оңтайлы әрі қолжетімді ету бағытында мемлекеттік қызметшілер табанды еңбек етуде.

Мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтер уақыт ағымына сай трансформация кезеңін өткеріп келеді. Себебі сан алуан қызмет қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Мәселен, туу туралы куәлікті алудан бастап азаматтың қайтыс болғаны туралы анықтаманы беру көрсетілетін қызметтің ауқымды екенін айғақтай түседі.

«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңға сәйкес кез келген тұлға  қызмет алуға және қызметті берушінің шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) белгіленген тәртіппен шағымдануға құқығы бар.

Бұл ретте департамент тарапынан азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына ерекше басымдық беріледі.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті облыс көлемінде мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган болып саналғандықтан, халыққа сапалы, қолайлы жағдай жасау, қызмет көрсету процестерін жетілдіру және қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша жұмысты жүйелі түрде атқарып келеді.

Биыл департаментке мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша азаматтардың 30-ға жуық арыз-шағымы келіп түсті. Шағымдардың 90%-ы жер қатынастары және әлеуметтік қамсыздандыру салаларында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге қатысты өрбіді. Арыздар қорытындысы бойынша 3 азаматтың шағымында көрсетілген дәлелдер расталып, құқықтары қайта қалпына келтірілді. Мәселен, сәуір айында Қызылорда қаласының тұрғыны департаментке жер учаскесінің жалдау мерзімін ұзарту бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту фактісіне қатысты шағым түсірген.

Аталған іс бойынша департамент Қызылорда қаласы әкімі аппаратына, қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөліміне тексеру жүргізіп, нәтижесінде Қызылорда қаласы әкімі аппараты мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тартқанын анықтады.

Енгізілген ұсыным негізінде бұзушылықтарға жол бергені үшін Қызылорда қаласы әкімі аппаратының жауапты маманының тәртіптік жауапкершілігі қаралып, қала тұрғынының өтініші қанағаттандырылып, бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Өз кезегінде, шағымданушыға ғимарат құрылысы және оған қызмет көрсету үшін жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы жаңа мерзімге табысталды.

Атап өту керек, мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі мерзімінде көрсету нәтижесі, қызмет алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы – мемлекеттік аппараттың тиімділігін бағалаудың негізгі шарты.

Қоғаммен ашық қарым-қатынас орнату және шағымдарды дереу анықтау мақсатында биыл барлық өңірде мемлекеттік қызметтерді алу саласындағы мәселелерді жедел шешуге және қызмет алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына жол бермеу үшін QR-кодтары көрсетілген Telegram арнасы іске қосылды.

Жаңа арна арқылы азаматтар қандай да бір қызметті алу кезінде туындаған проблемалары бойынша шағымдарын ашық жолдай алады. Осылайша, қызмет алушылардың құқықтарын қорғау аясында департамент мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын тиісті бақылауға жол ашады.

Біз әрдайым мемлекет мүддесіне сай мемлекеттік қызметтерді көрсету барысындағы жеке және заңды тұлғалардың құқықтарының сақталуына ерекше басымдық береміз. Алдағы уақытта да бұл мәселелер департаменттің жіті бақылауында болады.

Нұржан СҮЛЕЙМЕНОВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің мемлекеттік қызметтер көрсету басқармасының басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<