Қоғам және полиция: Жаңашылдықтан не күтеміз?

563

0

Фото: ашық дереккөз

Биыл Қазақстан құқық қорғау органдарына шамамен 2,3 трлн теңге жұмсайды. Бұл экономиканың нақты секторына бөлінетін қаржымен бірдей. 2022 жылы да бұл екі бағыт шамамен бірдей деңгейде қаржыландырылды. Салаға бөлініп отырған қаржы аз емес. Бір ғана ІІМ-нің былтырғы бюджеті 233,3 млрд теңге болып бекітілген еді. Бірақ полиция қызметін жетілдіру мәселесі қаржыға ғана тіреліп тұр ма?

Жасыратыны жоқ, бізде полицей – ең жиі сынға ұшырайтын қызметтің бірі. Арыз да, шағым да көбіне соларға айтылады. Оған қоса, «Қазақстан – полицейлердің елі» деуге де негіз бар сияқты. Бірер жыл бұрын Bloomberg ақпарат агенттігі жариялаған рейтингте Қазақстанда 100 мың адамға 445 полицейден келетіні айтылған болатын. Сол кезде еліміз жан басына шаққандағы полицейлер саны бойынша әлемде 6-орынға шыққан еді, яғни, әрбір мың қазақстандыққа 4,4 полицейден келетін. Ал былтыр бұл көрсеткіш 100 мың адамға 372-ге дейін азайды. Министрлік ішкі істер құрылымы оңтайландырылып, артық басқару буындары мен басшылық лауазымдар жойылғанын хабарлаған болатын.

Қызметкерлер санын қысқарту, полициядағы реформа туралы соңғы 3-4 жылда жиі айтылып жүрсе де, әскери киім киген қарулы адамдардың саны мен оларға жұмсалатын бюджеттің шығыстары жоғары күйінде қалып отыр. Сала басшылары министрлікті қайта құрудағы мақсат – бюрократиялықтан адамға бағытталған жұмыс моделіне көшу екенін айтқанымен, нақты нәтиже байқалып отырған жоқ.

Қазақстан қылмыс деңгейі бойынша елдер рейтингінде 48-орында. Finprom.kz хабарлауынша, еліміздегі қылмыс индексі 52,7-ні құраған. 40-тан 60 балға дейінгі қылмыс деңгейін рейтинг құрастырушылар «орташа» деп бағалап отыр. Сондықтан полиция қызметін бағалау жүйесін қайта қарау өте маңызды. Азаматтардың қауіпсіздігі мен халықтың сенім деңгейі негізгі критерий ретінде айқындалуы тиіс.

Мемлекет басшысы 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын бекіткен болатын. Оны жүзеге асыру аясында биыл құқық қорғау және сот органдары қызметкерлерінің адалдығын тексеруді енгізу жоспарлануда. Қаңтарда Ішкі істер министрі қызметкерлерінің адалдығын тексеру бойынша пилоттық жобаның іске қосылғаны туралы хабарлады. Тұрғындармен күнделікті араласатын қызметкерлер мен бөлімдерді тексеру нәтижесінде полицияға түскен өтініштерге тезірек қызмет көрсетіле бастаған. Тексеруден қорыққандар өз жұмысына жауапкершілікпен қарауға, дұрыс және сыпайы жауап беруге тырысқан. Оған қоса пилоттық жоба басталғалы полиция қызметкерлерінің пара беру әрекеті туралы хабарламалары да көбейіп, өткен жылмен салыстырғанда саны үш есеге жуық өскен.

Дегенмен, құқық қорғау саласына енгізіліп отырған бірқатар жаңашылдықтар да күмән туғызады. Мысалы, Алматы полициясы қызметкердің жалақысы мен сыйақысын атқарған жұмысының нәтижесіне қарай реттеуді қолға алған. Басшылық жаңашылдықтан кейін қызметкерлер жұмысқа кешігуді қойып, жақсы нәтиже көрсететініне сенім білдіріпті.

Бірақ, мәселенің екінші жағы бар екенін де естен шығармаған жөн. Айталық, мұндай жаңашылдық полиция қызметіндегі күрделі мәселелерге себеп болуы мүмкін. Полиция жұмысы статистикаға енген барлық ашылған қылмыстық істердің үлесі бойынша бағаланатын болса, әрбір полицей екі қарама-қайшы міндетті орындауға мәжбүр болады. Бір жағынан, мүмкіндігінше қылмыстарды аз тіркеу қажет. Екінші жағынан, іс тіркелген жағдайда, қылмыс қандай жолмен болса да ашылуы тиіс. Бұл өз кезегінде құқық қорғау органдарындағы көптеген заңбұзушылықтарға алып келетіні анық.

Оған қоса, елімізде азаптау деректері бойынша полицияға шағымдар көп. Қазақстан халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюросы жүргізген әлеуметтік зерттеулер халықтың полицияға сенім деңгейінің де төмендігін көрсетіп отыр. ҚР бас прокуроры Берік Асылов Қаңтар оқиғасына жыл толуына орай Мәжілісте өткен жиында қаңтар оқиғаларынан кейін азаматтардың азаптау туралы шағымдары бойынша 329 қылмыстық іс қозғалғанын айтқан болатын. Бірақ олардың басым бөлігі сотқа жетпеген. Ресми ақпар бойынша 2020 жылы азаптау фактісі бойынша 764 құқық бұзу фактісі тіркеліп, соның  ешқайсысы соңына дейін ашылмай, тоқтатылған екен, яғни, ресми түрде 2020 жылы түрмеде ешкім азап көрмеді деп мәлімдеме жасалған.

Сондықтан ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізу керек. Өткен бейсенбіде Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов полиция қызметкерлерінің адалдығын тексеру жөніндегі пилоттық жобаның алғашқы нәтижелері туралы есеп берген еді. Сонымен бірге қоғаммен бірлесе отырып, Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын хабарлаған. Осыған байланысты министрлік онлайн сауалнама жүргізіп, азаматтардан ұсыныстар жиналуда.

Бұл ретте, ең алдымен, тәртіп сақшысы – қоғамның бет-бейнесі, елдің қауіпсіздігі – халықаралық аренадағы беделімізге тікелей ықпал ететін фактор екенін естен шығармаған дұрыс. Сондықтан ел полициясы шекпен киіп, шен таққанына масаттанбай, алдымен, туған елінің тыныштығымен бірге ар-ұждан, абырой-беделін ойлағаны жөн. Бұл – полиция қызметінде бұрыннан қалыптасқан қағидалар.

Тарихқа көз салсақ, Ұлыбританияда 1829 жылы алғаш рет тұрақты полиция қызметін бастаған. Сол Лондон полициясы – әйгілі Скотланд-Ярдтың негізін қалаушы Роберт Пиль алғашқы мың полицей қызметіне кіріскен кезде полиция қызметінің негізгі тоғыз қағидасын тұжырымдаған екен.

Оған сәйкес, полицияның негізгі қызметі – әскери күшпен басып-жаншу емес, қылмыс пен тәртіпсіздіктің алдын алу. Сондай-ақ, полиция өз функцияларын орындау үшін қоғамның мақұлдауына және құрметіне сүйенуі керек. Ал бұл құрметке ие болу және оны сақтау үшін тәртіпке қатысты жұртшылықтың ынтымақтастығы қажет, яғни, қоғам дегеніміз – полиция, ал полиция – қоғам.

Полиция халықпен бірге. Басқаша айтқанда, полиция қызметі – қоғамдық тәртіпті сақтау жүйесінің бір бөлігі. Пиль ұғымында қоғам, яғни, жұртшылық полицияның басқа адамдардан айырмашылығы жоқ екенін түсінеді. Демек, әрбір азамат тәртіпті сақтауға мүдделі. Бірақ барлық уақытын тек осы тәртіпті сақтауға арнағаны үшін арнайы жалақы алатын адамдар бар.

Полицей барлық азаматтардың заң алдындағы абсолютті теңдігін қамтамасыз етіп, сыпайылық пен ашықтық көрсетуі керек. Ал азаматтарға қатысты күш қолдануға барлық басқа әдістер нәтиже бермеген жағдайда ғана жол берілуі тиіс. Тәртіпсіздіктің болмауы – полицияның табысты жұмысының ең жақсы көрінісі. Сондай-ақ полицияның міндеті кінәліні жазалау емес, тек тәртіпті сақтау. Яғни, «полиция күдіктіні тек қамауға алды, бірақ кінәлі немесе кінәсізін анықтау мен жаза тағайындау соттың құзіретінде».

Роберт Пиль тұжырымдамасындағы негізгі қағида: полиция – қоғамның бір бөлігі және бүкіл қоғамның мүддесіне сай нәрсені, атап айтқанда, тәртіпті қамтамасыз етеді. Сондықтан құқық қорғау саласында жаңа тұжырымдама жасалып, жаңашылдыққа бет бұра бастаған тұста негізгі қағидалар қаперден тыс қалмаса екен дейміз.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<