Қоғамда ардагерлердің орны айрықша

712

0

«Достық үйінде» облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті V пленумы өтті. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отырысында көтерген мәселелер, «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым – ұрпаққа үлгі» атты Жеңістің 80 жылдығына дайындық және мерекелеуді ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Пленум жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюпов, «Әжелер алқасының» мүшелері, ардагерлер ұйымдарының белсенділері, дін және БАҚ өкілдері қатысты. Д.Жаналинов аймақтағы өзекті мәселелерді шешу, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және ауқымды инфрақұрылымдық жобалар мен алдағы жоспардағы шаралар туралы баяндама жасады.

–    Биыл бірқатар ауқымды, маңызы зор мерейлі шараларды атап өтеміз. Солардың ең бастысы – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Бүгінде көзі тірі екі соғыс ардагері бар. Олар – Сырдария ауданының Тереңөзек кентінде тұратын 104 жастағы Яхия Тасыров пен Қазалы ауданының Әйтеке би кентінде тұратын 101 жастағы Тілеуберген Тобабергенов.

Ардагерлерді алаңдататын мәселе – сапалы медициналық қызмет алу. Ұлт саулығын нығайтып, ауыл халқына сапалы медициналық қызмет көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Сондай-ақ пленумда қоғамдағы басқа да өзекті мәселелер талқыланып, шешімін табады деген сенімдемін, – деді Данияр Еренғалиұлы.

Облыстық ардагерлер кеңесінің өткен жылы атқарған жұмыстары бойынша баяндама жасаған кеңес төрағасы Серік Дүйсенбаев қоғамнан тыс қалған зейнеткерлерді бастауыш ұйымдарға тарту, «Іскерлік пен жанашырлық», «Дәнекер» жобаларын жүзеге асыруда белсенділік таныту секілді алдағы міндеттерді атап өтті.

–    Ардагерлер кеңесі аймағымыздағы саяси тұрақтылықты сақтау, қарт адамдардың әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын қамтамасыз ету бағытында біршама жұмыс жасап, өз үлесін қосып келеді. Облыстағы бастауыш ардагерлер ұйымдарының саны – 699, ал сол бастауыш ұйымдарда есепте тұратын ардагерлер саны – 67 985, облыстағы барлық зейнеткер саны – 85 880 адам, оның ішінде  2  Ұлы Отан соғысының ардагері, 2503 тыл ардагері.

Басты мақсат – зейнетке шыққан, еш жерде есепте жоқ 17 905 ардагерді бастауыш ұйымдарға тіркеп, оларды қозғалыстың шараларына қатыстыру. Ол үшін әрине, әр тоқсан сайын зейнетақы төлеу орталығынан зейнетке шыққан азаматтардың тізімін алып, тікелей жұмыс жасау қажет. Өкінішке қарай, бұл бағыттағы жұмыстардың қарқыны баяу. Алдағы уақытта ардагерлер ұйымдары әр тоқсан сайын қанша бастауыш ұйым құрып, неше зейнеткерді есепке алғаны жөнінде толық мәлімет беріп отыруы қажет деп есептеймін.

Өткен жылы облыстың 140 ардагері еліміздің 4 шипажайында ем алды. 50-ден астам ардагерімізді Ұлытау аймағының тарихи орындарымен таныстыру шарасы өткізілді. Далалық өркениеттің орталығы Жошы хан, Алаша хан, Алтын шоқы, Хан ордасы тарихи ескерткіштеріне зиярат етті. Сонымен қатар 1000-нан аса ардагер Арыстан баб, Түркістан, Үкаша ата және жергілікті Қорасан баба, Төлекатай, Сунақ ата кесенелеріне барды.  Биыл да атқаратын ауқымды жұмыс көп.  Бірінші кезекте ардагерлеріміздің толық есебін алып, оларды бастауыш ұйымдарға тіркеп, іс-шараларға белсене қатысуын қамтамасыз етеміз, – деді Серік Әбішұлы.

Жарыссөзде Арал, Жаңақорған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары Әділбек Әйімбетов, Өмірсерік Тақырбасов атқарылған жұмыстарға тоқталып, облыстық кеңес жұмысына оң баға берді. Қызылорда облысының Құрметті азаматы, пленум мүшесі Биғали Қаюпов Мемлекет басшысы Үкімет алдына қойған міндеттерді саралап, аймақта атқарылып жатқан жұмыстармен ұштастырды. Жарыссөзге шыққан облыстық ауыл шаруашылығы саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбай Ұлықпанұлы, «Аталар алқасының» төрағасы Жүзбай Таңрықбаев, облыстық ішкі істер саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбол Тұңғышбаев ардагерлерді бастамаларға атсалысуға шақырды. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Азамат Мыңбаев Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына дайындық бойынша хабарлама жасады.

Ұйымдастыру мәселесі бойынша облыстық ардагерлер кеңесінің шығып қалған пленум мүшелерінің орнына жаңа құрам сайлау, алқа мүшелігіне бекіту ұсыныстары бірауыздан қабылданды. Белсенді ардагерлер республикалық ардагерлер ұйымының «Құрмет белгісі» төсбелгісі, Құрмет грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаты, облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»