«Қоғамда заң мен тәртіп қатаң сақталуы керек»

523

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиынға Президент Әкімшілігі мен мемлекеттік органдардың басшылары, ІІМ Алқасының мүшелері және орталық аппараттың басшылық құрамы, өңірлік полиция департаменттерінің, аумақтық қылмыстық атқару жүйесі департаменттерінің басшылары қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігі мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқаратын құрылым екенін атап өтіп, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күресу аса маңызды міндет саналатынын айтты.

Президенттің айтуынша, полиция халықтың құрметіне ие мамандықтың бірі болуы керек. Сондықтан қазір ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіруге баса мән беріліп, полиция қызметінің сервистік моделі енгізіліп жатыр.

– «Жұртқа жақын полиция» қағидатын орнықтыру үшін нақты шаралар қабылдануда. Осы қарқынды тоқтатпау керек. Пилоттық жоба аясында қол жеткен жетістікпен шектеліп қалуға болмайды. Ашығын айтқанда, қызмет көрсетудің сервистік моделі туралы тек мамандар ғана айтып жүр. Қарапайым азаматтар мен қоғам өкілдері пікір білдіріп жатқан жоқ. Бұл – халық оның нақты нәтижесін, оң өзгерістерді көріп жатқан жоқ деген сөз. Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу саласына да назар аударған жөн. Бұл – құқық қорғау жүйесіндегі мемлекеттік қызметтің ерекше бір түрі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қоғамдағы алаяқтық әрекеттерге тағы бір өзекті мәселе ретінде арнайы тоқталып, құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс екенін айтты.

Мемлекет басшысы полицияның жоғары деңгейдегі өкілдері университеттерге, мектептерге барып, заңдарды жастарға түсіндіруі керек екенін айтты. Әсіресе, заң бұзудың салдарын анық көрсетуі қажет.

Президент азаматтарымыз қиын жағдайға тап болғанда билік өкілдері әділдікті тез арада қайта орнатады, кінәлілерді жауапқа тартады және шығынды өтеуге көмектеседі деп үміттенетінін айтты. Сондықтан арыз-шағымдарды барынша жылдам әрі кәсіби түрде қарастырып, әрекет ету қажет.

Мемлекет басшысы отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысының тиімділігін арттыруға ерекше назар аудару керек екенін атап өтті.

Президенттің пікірінше, құқық қорғау органдары әрқашан басты назарда ұстауға тиіс тағы бір маңызды мәселе – жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру.

Бұл ретте Мемлекет басшысы ел аумағына ретсіз әкелінген шетелдік көліктер де жолдағы жағдайды ушықтырып жібергенін айтты.

Президент айрықша назар аударған тағы бір өзекті мәселе – ұйымдасқан қылмыспен күрес. Оның айтуынша, ел ішінде болған жайттар, сондай-ақ төңірегіміздегі геосаяси кеңістікте болып жатқан оқиғалар ұйымдасқан қылмыстық топтармен ымырасыз күрес жүргізудің аса маңызды екенін көрсетті.

– Ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдерімен «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге баруға, астыртын мәміле жасауға, сыбайластыққа жол берілмейді әрі қатаң тыйым салынады. Кезінде Абай «Күшік асырап, ит еттім, ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттім, Ол мерген болды, мені атты» деп айтқан. Таяудағы оқиғалар қылмыс әлемінің өкілдері, түптеп келгенде, мемлекет пен заңға бағынатын азаматтарға қарсы бас көтеріп, саяси талап қоюға және өз дегенін жасатуға тырысатынын көрсетті, – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы заңға бағыну мен құқық бұзушылықтың аражігін нақты ажырата білу қажет екеніне тоқталды.

– Қоғамда заң мен тәртіп қатаң сақталуы керек. Сонда ғана еліміз өсіп-өркендейді. Бұл – мызғымас қағида. Қылмыскерлермен күрес ымырасыз жүргізілуге тиіс. Бірде-бір құқық бұзушылықты елеусіз қалдыруға болмайды. Мұнда ұсақ-түйек деген жоқ. Полиция қызметкері заңға бағынатын адамға құрметпен қарауы керек. Ал тәртіп бұзушылармен заң аясында сөйлесу қажет. Адамды азаптауға, қинауға, тергеудің тыйым салынған тәсілдерін қолдануға мүлдем жол берілмейді. Әрбір тәртіп сақшысы мұны жете түсінуге тиіс. Күнделікті жұмыста осы талаптар сақталса, азаматтардың полицияға деген сенімі артады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Мемлекет басшысы полицияға қоғам тарапынан да тиісті құрмет көрсетілуі керек деп санайды. Президенттің пікірінше, тәртіп сақшысының заңды талабына бағынбау, оған қоқан-лоқы көрсету, тіпті күш қолдану дұрыс емес. Мұндай жағдайда бұзақылар жауапсыз қалмауы қажет.  Әлеуметтік желіде полицияға қатысты түрлі бейнежазбалар бар. Кейбір адамдар қасақана арандатушылық жасайды. Сондай кезде ұстамдылық танытып, дөрекі әрекеттерге жол бермеу өте маңызды. Тәртіп сақшысы сауатты сөйлеп, өзін лайықты ұстауы қажет.

Президент сөзін қорытындылай келе, ішкі істер органдарының жұмысын мемлекет жоғары бағалайтынын атап өтіп, соңғы үш жылда атқарылған нақты шаралар туралы айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<