Қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптасып келеді

300

0

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалі аясында Астана қаласындағы «Жастар» саябағында экобелсенділермен бірге ағаш екті.

Айта кетелік, «Бүкіл қазақ­стандық ағаш егу күні» акциясы аясында ел бойынша соңғы үш күнде 4,5 миллионға жуық көшет егіліп, орман алқабымызды толтырды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық фес­тивалінде сөз сөйледі. Президент жиынның маңызына тоқталып, «Та­залық» фестивалі өте тағылымды іс-шара екенін айтты.

– Осыдан бір жыл бұрын бәріміз бір ел болып «Таза Қазақ­стан» жобасын бастадық. Мен, ең алдымен, осы жалпыұлттық бастамаға алғашқы күннен бастап бел­сене қатысып жатқан әр азаматқа шын жүректен риза­шылығымды білдіремін. Әсіресе, солардың қа­тарында өздеріңіз сияқты жа­лынды әрі дарынды жастарымыз өте көп. Сіздер еліміздің әр аймағында еңбек етіп, қоғамдық жұмысқа атсалысып жүрсіздер. Бұл – үлгі боларлық іс. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздерді әрдайым қолдаймын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тазалықтың мәні мен мағынасы жайындағы пі­кірімен бөлісіп, ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші деп баға берді. Сон­дық­тан тазалық халқымыздың бол­мы­сына сіңген қасиет болуы қажет екенін үнемі айтып келе жатқанын еске салды.

– Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Бар­шаңызды табиғатты қорғау идея­сы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқа­сын­да бұл игі бастама осындай үл­кен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы, – деді Президент.

Бұл арада еріктілердің де еңбегі зор. Волонтер болу, ең алдымен, нағыз отаншыл азамат болу, яғни, патриот болу деген сөз. Сондай-ақ Мемлекет басшысы атап өткендей, экологияны жақсартуға кәсіпорындар мен кәсіпкерлер зор үлес қосып келеді. «Таза Қазақстан» аясында өте ауқымды жұмыс атқарылып, миллиондаған тонна қоқыс жиналып, көшет егілген. Бұл ретте «Бүкіл қазақстандық ағаш егу күні» акциясы жақсы дәстүрге айналып отыр.

– Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы. Соңғы жылдары елімізде көптеген маңызды өзгеріс болды. Әділетті мемлекет болу үшін біз заң мен тәртіпке бағынатын қоғам құрып жатырмыз. Сондай-ақ ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін, яғни, сіздер үшін жасалуда. Қазақ жастарының болашағы – жарқын, жолы – ашық. Мен сіздерге сенемін, зор үміт артамын! Отаншыл, білімпаз, еңбекқор болыңыздар деп тілеймін. Сонда Қазақстанымыз да Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Өркендеген озық ел болмақ. Бәріңізге сәттілік тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фестиваль соңында «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысқан, қоғамда тазалық мәдениетін дәріп­теуге ерекше атсалысқан бір топ жас марапатталды.

Сонымен бірге Президент «Таза Қазақстан» экофестиваліне арналған көрмені тамашалады. Мұнда қоқыс өңдеу, өндірістік кәсіпорындар жобалары, табиғат тазалығы бойынша стартаптар, мектеп оқушыларының экологиялық бастамалары, сонымен қатар балалардың қоршаған орта тақырыбына арналған шығармашылық жұмыстары қойылған.

Мемлекет басшысына елорданы көгалдандыру және абаттандыру жоспары таныстырылды.