Қоғамдағы тұрақтылық маңызды

1254

0

Күн сайын азық-түлік бағасының шарықтауы, бағаның тұрақсыздығы аймақ тұрғындарын, әсіресе шалғай ауыл адамдарын алаңдатуда. Жасыратыны жоқ, Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс салдары көптеген елдің экономикасына кері әсер етуде. Өңірде шешілуі тиіс өзекті мәселелер мен басқа да тақырыптарға орай облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді.

Облыс әкімінің орынбасары аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

–    Қазір қоғамда көтерілген кез келген мәселе әлеуметтік желілер немесе басқа да ақпарат көздері арқылы жылдам тарап, қоғамдық пікір тудыруға себеп болуда. Алайда, бұл ақпараттың дұрыстығына ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан қандай тақырыпта болмасын халыққа жан-жақты зерттелген, нақты ақпарат ұсыну маңызды. Ол арқылы резонанс тудырып, рейтинг жасауды көздейтіндер де жоқ емес. Бірақ бұл әрекеттің қаншалықты қауіпті екенін өздеріңіз де көріп, біліп жүрсіздер. Бұл бір ортаны ғана емес, тұтас ел ішін дүрбелеңге алып келуі әбден мүмкін. Мысалы, Украинадағы соғыс қимылдары мен Ресей Федерациясына енгізілген санкциялар секілді сыртқы геосаяси оқиғалар жергілікті тұрғындардың көңіл-күйіне әсер етіп отырғаны анық. Расында, Украина мен Ресей арасындағы жағдай әлем елдеріне әсер етпей қоймады. Мемлекет басшысы дипломатия саласының майталманы ретінде екі мемлекетті келіссөз үстелінде ортақ тіл табысуға шақырып, араздықты бейбіт жолмен шешуге үндеуде. Ресей мен Украина – бірі біздің жақын көршіміз, бірі саяси-экономикалық тығыз байланыстағы әріптесіміз. Сондықтан біз арандатулар мен теріс ақпараттардың жетегінде кетуден барынша аулақ болғанымыз жөн. Осы мәселе бойынша біздің азаматтарымыз өз позицияларын БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы білдіруде. Еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшілікке сызат түсіргісі келетін теріс ниетті топтар мен тұлғалардың тарапынан арандату әрекеттерін де байқап жүрген шығарсыздар. Бір ғана мысал, елімізде жаппай қант сатып алу жағдайы болды. Әлеуметтік желілердегі түрлі ақпараттар мен жасанды дүрбелең қантқа сұраныстың және алыпсатарлықтың артуына әкелді. Бұл жағдайға байланысты облыстық прокуратура мен бәсекелестік қорғау департаменті, облыстық кәсіпкерлік басқармасы қант бағасының өсуіне, алыпсатарлыққа жол берген нарық субъектілеріне қатысты арнайы бақылау жұмыстарын жүргізіп, заңға сәйкес шаралар қабылдауда, – деді ол.

Облыс әкімінің орынбасары облыста қант тапшылығы жоғын еске сала отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін тұрақтандыру қорынан тауарлық интервенция жүргізу, заем беру арқылы шаралар қабылданып жатқанынан хабардар етті. Азық-түлік қорының тапшылығын болдырмау үшін барлық амал қарастырылуда. Сонымен қатар, Қайрат Ырзақұлұлы мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері арасында ашықтық қалыптастыру бағытында қатаң тапсырмалар берілгенін атап өтті. Қандай да бір ақпарат тарағанда тиісті сала басшылары уақыт созбай, нақты, жылдам әрі толыққанды жауап беру керек. Мәселен, жақында білім басқармасына қатысты орын алған мәселеге орай ақпараттың анық-қанығы сол күні БАҚ өкілдеріне түсіндірілгенде, ондай жағдай болмас еді.

Қазір аймақта қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар, әрине, бірінші кезекте қоғамдық пікір мен жүргізілетін мониторинг нәтижелеріне сүйеніп, іске асырылады. Өзекті мәселелерді тиімді шешу үшін жыл басында «Әлеуметтік шиеленіс ошақтары картасы» бекітіледі. Бұл картада барлық сала бойынша бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселелер қамтылып, жауапты салаға қатысты нақты міндеттер айқындалады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша картаға енгізілген 34 проблемалық мәселенің 19-ы оң шешім тапса, биылғы жылдың I тоқсанында 22 мәселенің   8-і өзектілігін жойған.

Айта кету керек, жыл басындағы қаңтар оқиғасы мәселелерді шешуде барлық сала асқан жауапкершілікпен жұмыс жасау қажеттігін көрсетті.

Брифинг барысында Қ.Нұртай журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, алдағы уақытта мұндай кездесулер жиі ұйымдастырылатынын айтты.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»