Қоғам мен билік арасында ашық әрі орнықты диалог орнату елдік мәселелерді шешуге жол ашады. Мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде халықтың пікірін ескерудің және қоғамдық бақылаудың тиімді институттары ретінде құрылған қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыру әлі де маңызды.
Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық кеңестердің жұмысын тиімді трансформациялау ісін қолға алуды, қоғамдық кеңестерді Ұлттық сенім кеңесі іспетті халықтың нақты мәселелерін шешуде институттың ашықтығын, дербестігі мен транспаренттілігін қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдауға бағыттау маңызды екенін тапсырды.
Өңірлерде қоғамдық кеңес жұмысын саралау және алдағы міндеттерге сай жұмысты жандандыру мақсатында кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық қоғамдық кеңес төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Бақберген Досманбетовпен кездесті.
Кездесуге облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов және облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова қатысты.
Басқосу барысында облыс әкімі Президенттің нақты істерге жетелейтін жұмыстарын жүйелі атқару және Жаңа Қазақстанды құру міндеті қойылған кезде өңірлік қоғамдық кеңестерге артылатын жауапкершілік одан әрі күшейе түсетінін атап өтті.
«Қоғамдық кеңес мемлекет пен азаматтық ұстанымы нық азаматтардың бірлескен істі талқылауға мүмкіндік беретін ашық алаңы болуы керек. Бұл ретте қоғамдық кеңес облыстағы өзекті мәселелерді талқылап, түрлі ұсыныстарды ортаға салып келеді. Мәселен, қоғамдық кеңес 1 жылда 146 отырыс, 27 қоғамдық тыңдау, 19 қоғамдық мониторинг жұмыстарын өткізіп, нәтижесінде 323 әлеуметтік мәселенің шешілуіне ықпал етті. Сондықтан, әлеуметтік мәселелерді бірінші кезекте шешу, халықтың сұранысы мен талабын қанағаттандыру – біздің ортақ мақсатымыз», – деді облыс әкімі.
Кездесуде Бақберген Досманбетов бір жыл ішінде кеңесте талқыға түскен мәселелердің өзектілігіне тоқталып, 9 кеңестің әрбір мәселені дербес талдап, жергілікті билікке нақты ұсыныстарды жолдауда белсенділігінің жоғары екенін тілге тиек етіп, алдағы кезеңде кеңес жұмысын тиімді реформалау мәселесін қозғады. Ал, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов кеңес құрамындағы азаматтардың биыл өкілеттілік мерзімінің аяқталуына байланысты жаңа құрамды қалыптастыруда түрлі саладағы ашық ойлы, балама пікірлері бар ірі сарапшылар мен ғалымдар, қоғамдық пікірдің нақты көшбасшыларын топтастыру маңызды екенін ашып айтты.
Кездесуді қорытындылаған аймақ басшысы қоғамдық кеңес билікпен бірге көтерілген проблемалардың шешімін іздестіріп табуға мүдделік танытатын азаматтардың ұсыныстары ескерілетінін және әріптестерін өзгерістер кезеңінде ұлт болып Мемлекет басшысының жанына топтасып, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды.
Облыстық қоғамдық кеңес жанынан бюджет және қаржы, экономикалық даму және әлеуметтік мәселелер бойынша тұрақты комиссиялар жұмыс жасауда. Жалпы онда ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау, энергетика басқармалары жауапты азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру, қуаңшылықтың алдын алу, эпидемиологиялық ахуал, Қызылорда қаласында газды тасымалдау қызметі, «ҚазТрансГаз аймақ» өндірістік тарифі және қоғамдық көлік мәселелері қаралуда.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<