Облыстық Қоғамдық кеңестің қазіргі құрамы 2019 жылы жасақталып, өзіне жүктелген міндетті атқарып келді. Қоғамдық кеңес облыстағы өзекті мәселелер талқылап, шешімін табатын диалог алаңына айналды. Облыстық қоғамдық кеңестің үш жылдық жұмысын қорытындылауға арналған жиында оның төрағасы Бақберген Досманбетов осындай пікір білдірді.
Оның айтуынша кеңес құрылғаннан бері 14 отырыс өткізіліп, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты 28 мәселе қаралған. Атап айтқанда, аймақтағы азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру, аудандар мен елді мекендерді газбен қамту және сұйытылған отын бағасын реттеу, өңірдегі эпидемиологиялық ахуал, Сырдария өзенінің арнасын қалыпқа келтіру, Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу мүмкіндіктері, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау және басқа да өзекті мәселелер аймақтың дамуына тікелей әсер ететін салалар қамтылды. Нәтижесінде кеңестің күн тәртібінде талқыланған мәселелер бойынша 43 ұсыныс берілді.
Б.Досманбетов сонымен қатар, кеңес мүшелері белгіленген тақырыптардан бөлек, аудан орталықтарында көшпелі семинарлар өткізіп, қоғамдық қабылдау, мониторинг жұмыстарына да да белсене атсалысқанын жеткізді. Ол сөзінің соңында кеңес мүшелеріне осы күнге дейін атқарған жұмыстарына ризашылығын білдіріп, алдағы кезеңде жаңадан құралатын Қоғамдық кеңестің жұмысына сәттілік тіледі.
Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елдегі Қоғамдық кеңестердің жұмысын жетілдіруді тапсырғанын атап өтті. Ендігі кезекте мемлекеттік бағдарламалардың орында- луын бақылауды жүзеге асыру және билік пен азаматтық қоғам арасындағы байланысты қамтамасыз етуде Қоғамдық кеңеске артылар жауапкершілік одан әрі күшейе түсетіні анық.
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті Жолдауында қоғамдық кеңестердің орасан зор институционалдық әлеуеті барын, елімізде азаматтық белсенділікті жандандыру қажеттігін айтты. Ендігі міндет, соны толығымен жүзеге асыруымыз керек. Алдағы уақытта, жаңа толқын, кеңестің келесі мүшелері Президенттің берген басымдықтарын жаңаша леппен, жаңа үдеріспен орындайды деп сенемін, – деді кеңес мүшесі Қылышбай Бисенов.
Жиын барысында Қоғамдық кеңес мүшесі, ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев Президенттің бастамасына қолдау жасап, қазіргі Қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастыратын Ұлттық құрылтай туралы айтты. Билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатынына сенім білдірді.
Кеңес мүшелері кеңестің алдағы жұмыстарын жетілдіру бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, ойларын жеткізді.
«СБ» ақпарат





