Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

212

0

Фото: Қала әкімдігі

Бүгін қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, оған қала әкімі Нұржан Ахатов қатысты. Жиында шаһар басшысы халықтың талап-тілегін атқарушы билікке жеткізуде қоғамдық кеңестің рөлі зор екендігін атап өтті.

– Қаламыздың қоғамдық-саяси, мәдени-рухани өміріне етене араласып, түрлі салаларда абыройлы еңбек етіп жүрген Өздеріңізбен жақсы таныспын. Нағыз қоғам жанашырлары іріктелген құрам алдағы уақытта шаһарымыздағы күрмеулі мәселелерді шешуде аянбай еңбек ете береді деп сенемін, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Кеңес отырысында өзекті үш мәселе талқы таразысына түсті. Алдымен қала халқын сапалы ауыз сумен қамту жайы сарапталды.

Жасыратыны жоқ, жаз айында қала тұрғындарының ауыз су қолданысы өте көп. Себебі белгілі, судың көп мөлшері жеке сектордағы тұрғындардың есік алдындағы бақшасын суаруға жұмсалады. Осының салдарынан су шығыны көбейіп, су қысымы төмендейді.

Биылғы бірінші жартыжылдықта 8,4 млн. текше метр су тартылған. Су сапасына байланысты 5 кезеңнен тұратын механикалық тазарту өткізіліп тұрады. Тұтынушыларға 78 ұңғыма арқылы және жер үсті су көзінен тәулігіне 85-90 мың текше метр су берілуде. Кеңес мүшелері тұтынушылардың қарызын өндіруге күш салу керектігін айтып, рейдтік бақылаулар ұйымдастыруды ұсынды.

Жиынның екінші мәселесі – мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта құру жайы болды. Қазіргі таңда мүгедектігі бар 11 557 адам тіркелген. Олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында барлық мүмкіндік қарастырылған. Ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін инфрақұрылымды жақсарту үшін 225 нысанды бейімдеу көзделсе, бүгінде оның 70 пайызы стандартқа сәйкестендірілген. Қоғамдық көліктерде мініп-түсулеріне арналған қондырғы жұмыс істейді. Арнаулы 55 бағдаршам орнатылған. Ал, 700-ге жуық мүгедектігі бар азаматқа 16 автокөлік «Инватакси» қызметін көрсетеді. Мұндай жұмыстарды жүйелі жүргізу қажет деген кеңес мүшелері атқарылған шараларға жоғары бағасын берді.

Соңғы тақырып бойынша Ақсуат ауылдық округінің әкімі екінші тоқсанда атқарылған жұмыстар барысын баяндады. Бүгінде округ әкімдігі 5 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіп келеді. Осы бағытта «Электронды Үкімет» веб-порталы арқылы 84 жеке және заңды тұлғаға мемлекеттік қызмет көрсетілген. Округте жер учаскесін алу үшін 190 тұрғын кезекке тіркелген. Ауқымды жобалар бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Қоғамдық кеңес алдағы күндері ауылға барып, шаруа жайымен танысатын болады.

Жиын қорытындысында шаһар басшысы Нұржан Сәбитұлы кеңестің жұмысына сәттілік тілеп, бірлесіп жұмыс атқаратынын жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<