Қоғамдық кеңестің ықпалы қандай?

321

0

2016  жылдан қолданысқа  енгізілген  ҚР «Қоғамдық  кеңестер  туралы»  заңы  оның  құқықтық  мәртебесін айқындап берді. Бұл  халық  алдында  есеп  беретін  мемлекет  қалыптастыру  бағытындағы  саясатты  іске  асыруға жол ашты. Мемлекеттік  органдардың  шешім  қабылдауына  азаматтардың  кеңінен  қатысуына ықпалын тигізді.  2022 жылы 15 сәуірде жаңадан  құрылған облыстық  қоғамдық кеңеске 30 адам бекітілді. Оған түрлі қоғамдық ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері тартылды.

  – Қоғамдық  кеңестің 11  мүшесінен  кеңес  төралқасы  мен  бес  салалық  комиссия  құрылды. Комиссиялар экономика  және  бюджет, құқық, әлеуметтік, ауыл шаруашылығы, табиғат  пайдалану  және  ауылдық  аймақтарды  дамыту, инновациялық даму және кәсіпкерлік мәселелерін қамтыды.

Әрбір отырыста өңірдегі   аса  маңызды  мәселелер  таразыланып, жұмыс жоспарына енгізілді. Мәселен, біз әлеуметтік  маңызы  жоғары азық-түлік бағасын тұрақтандыру жұмыстарының  іске  асуына көңіл бөлдік. Оған қоса медициналық  қызмет көрсету жағдайына мониторинг, МӘМС бойынша  арыз-шағымға  талдау  жасалды. Кеңес мүшелері созылмалы  бүйрек  жетіспеушілігі  бар   науқастарға  көрсетілетін қызметті  дамытудың  жол  картасының  орындалуын  да назардан тыс қалдырған жоқ, – деді облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Әріп Хожбанов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Брифинг барысында Болат Нұрқожаев кеңес отырыстарында экологиялық мәселелер де кеңінен қамтылғанын атап өтті. Атап айтқанда, олардың қатарында Арал теңізіне су жіберу, құрғаған табанына сексеуіл егу, тұрмыстық қалдық өңдеу және ағаш егу бар. Бұл проблемаларды шешу мақсатында жергілікті басшылыққа ұсыныс айтылып, оң шешімін тапты.

Ал  Сәрсенкүл Бихожаева, Аида Әбибуллаева, Ерұлан Өмірсеріков қоғамдық кеңесте қаралған әлеуметтік мәселелер, медицина, ауыл шаруашылығы және өзге де салалар бойынша ой-пікірін білдірді. Олардың әрбірі халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған.

«СБ» ақпарат