Қоғамдық көліктердің қатары толықты

789

0

Қалада қоғамдық көліктердің қатары жаңа автобустармен толықты. Бұл халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам және бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. Тұрғындарды айтулы сәтте құттықтаған Қызылорда қаласының әкімі

Асылбек Шәменов осылай деді.

– Өздеріңізге белгілі, жаңадан алынған 40 автобус Республика күні қарсаңында қалаішілік бағыттарға қосылды. Міне, бүгін екінші легі жеткізіліп отыр. Жалпы, халықтың қоғамдық көлікке деген сұранысын қанағаттандыру және көлік қатынасын дамыту назарымыздан тыс қалған емес. Енді жыл соңына дейін қалған автобустар әкелініп, жолаушылар тасымалы қызметінің сапасын арттыру мақсатында қолға алынған жоба нақты жемісін береді, – деді шаһар басшысы.

Айта кетейік, облыс әкімінің тікелей қолдауымен «Қызылорда автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингке 150 автобус алуға 1 млрд 434 млн теңге қаржы бөлінген болатын. Сол игі істің нәтижесінде сәрсенбі күні Сыр еліне экологиялық таза, мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы 42 автобус келіп, пайдалануға берілді. Айтпақшы, кейінгі үлгідегі автобустар жаңадан қосылған №19 және №20 бағыттар бойынша жолаушыларды тасымалдайды.

«СБ» ақпарат