ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына қоғамдық мониторинг жұмыстарын жалғастыруда.
Кезекті қоғамдық бақылау «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалына қарасты қалалық №1, №2, №3 бөлімдері мен Көші-қон қызметтері орталығында жүргізілді. Жұмыс тобының мүшелері мониторинг барысында халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметінің қалыпты жағдайда жүріп жатқандығына куә болды.
Дегенмен, мониторинг барысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, №1 бөлімде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттары жинақталған ақпараттық тақта орналастырылмаған, №2 бөлімде қызметтерді алуға қажетті құжаттар тізімі мен құжат үлгілері жинақталған арнайы тақта жоқ, №3 бөлімде стандарттардың бірқатары жаңартылмаған, бір қызмет алушының электрондық кезек талонын ұзақ күту фактісі белгілі болды.
Қызметтерді көрсетудің сапасын арттыру мақсатында анықталған кемшіліктерді тез арада жою ұсынылды. Қызметтердің сапасы қоғам өкілдері тарапынан алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болатыны ескертілді. Мемлекеттік қызметтерді алу кезінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамалар талаптарының бұзылуы фактілері орын алған жағдайда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің сенім телефонына (8/7242/705636) немесе «Digital Agent» мобильді қосымшасы арқылы шағымдана аласыздар.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<