Фото: ашық дереккөз
Бүгіннен бастап қазақстандықтар қоғамдық орында айтылған балағат сөз үшін төрт есе артығымен айыппұл төлейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қоғамдық орында балағат сөз айту Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексінде «ұсақ бұзақылық» санатына жатады.
Сондай-ақ, ұсақ бұзақылық қатарына жеке тұлғаларды қорлау және оларға қысым көрсету, ғимараттарға, құрылыстарға, тұрғын үй-жайларға, ортақ пайдалану орындарына, көліктегі және қоғамдық орындардағы мүлікке нұқсан келтіру, айналаға құрметсіздік білдіретін, қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын жайттар жатады.
Сонымен Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұған дейін сот ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 5 АЕК (17 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салатын немесе 15 тәулікке дейін қамауға алатын еді. Ал бүгіннен бастап айыппұл 20 АЕК (69 000 теңге) құрайды, қамауға алу 5-тен 30 тәулікке дейін ұзарады.
«Соңғы жылдары бөтеннің мүлкіне, оның ішінде азаматтар ортақ пайдаланатын заттарға қасақана зақым келтіру фактілері жиіледі. Сіздер өмірде кіреберістердегі зақымдалған лифттер, айналасы сынған, түймелері өртенген, түрлі жазумен бүлдірген фактілерге тап болған шығарсыздар. Көбіне мұндай әрекетті адамдар қасақана жасайды. Яғни, олар саналы түрде басқаның мүлкін бүлдіреді», – деген еді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының міндетін атқарушы Азамат Құрымбаев министрліктің апталық брифингінде.
Оның айтуынша, залал мөлшері оған жетпеген жағдайда азаматтар өздері дәлел жинау, олардың жүрген жерін білу сияқты мәселелермен айналысады. Өйткені залалды өтеу азаматтық-құқықтық алаңда шешіледі.
Еске салсақ, биыл 3 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<