Қоғамдық қор қайырымдылық бағдарламасын бастайды

944

0

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазақстан халқына» қорының білім гранты» қайырымдылық бағдарламасына байланысты Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай және қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Марат Абжаев хабарлама жасап, туындаған сауалдарға жауап берді.

Жандос Базартайдың айтуынша, бағдарлама екі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Біріншісі, ақылы негізде оқитын білім алушыларға арналған грант. екінші бағыты биыл оқу орнына талапкерлерге арналған грант.

– «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының білім беру гранттары» қайырымдылық бағдарламасы алдағы оқу жылында жүзеге асырылады. Қоғамдық қордың гранттары мен шәкіртақысына үміткерлер өзі таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына 10-17 тамыз аралығында өтінім береді. Ал, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін таңдаған талапкерлер университеттің қабылдау комиссиясына келіп өтінім беруі тиіс. Қабылдау комиссиясының мекен-жайы: Н.Назарбаев даңғылы 15, №5 оқу ғимараты. Байланыс телефондары: 87242 23-53-92, 87757968970.

Үміткер өтінімді өз бетінше береді және осы үдеріс үшін жауапкершілікті өз мойнына алады. Бұл ретте ҰБТ-ға қойылатын талаптар жыл сайын өзгеруі мүмкін екенін ескергені жөн. Сондықтан бұл ақпаратты қабылдаушы жоғары оқу орнынан алдын ала нақтылауы қажет. Сондай-ақ, бағдарлама туралы толық ақпаратты «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының: qazaqstanhalqyna.kz  сайтынан табуға болады, – дейді Ж.Базартай.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының білім беру гранттары» қайырымдылық бағдарламасы алдағы оқу жылында ақылы бөлімде оқитын студенттерге білім грантын беруге конкурс жариялайды. Конкурстан өткен студенттерге қор қаражаты есебінен оқуын жалғастыруға, шәкіртақы алуға мүмкіндік береді.

Бағдарламаға мүмкіндігі шектеулі, мүгедектігі бар студенттер, жетім бала санатына жататын және кәмелеттік жасқа дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттер, ауылдық жерлердегі жағдайы төмен  немесе толық емес отбасылардан шыққан студенттер, І  және ІІ топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп жүрген отбасыдан шыққан немесе ата-анасының бірі І және ІІ топ мүгедектігі бар студенттер қатыса алады. Үміткер студенттер өздігінен 1-15 тамыз аралығында «Taiburyl» ҚБ-ның taiburyl.kz сайтына онлайн-өтінім береді.                                         

«СБ» ақпарат