Қоғамдық-саяси ахуал тұрақты

443

0

Ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, этносаралық қатынас, ақпараттық саясат, жастар саясаты мәселелері, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарын дамыту, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда қоғамдық даму басқармасына қарасты 5 мекеме және  1 квазимемлекеттік сектор жұмыс жасап келеді.

Жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталған басқарма басшысы Алмасбек Есмаханов барлық шара аймақтағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталып, қоғамдық пікір мен мониторинг нәтижесіне сүйеніп іске асырылатынын айтты.

– Бүгінде облыста қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Әлеуметтік-саяси шиеленістің алғышарттарын анықтау бойынша нақты шаралар қабылданып, тұрақты мониторинг жүргізілуде. Медиакеңістікте 149 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс жасауда, яғни, 120 баспа БАҚ, 26 интернет-сайт пен ақпараттық агенттік, 3 телеарна бар.  Аймақтың бұқаралық ақпарат құралдарының 1-еуі орыс тілінде ақпарат жариялайды, 5-уі мемлекеттік және орыс тілінде, 143-і мемлекеттік тілде ақпарат таратады.

Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында «Ашық диалог» egov.kz порталында облыс әкімінің қатысумен онлайн режимде түрлі тақырыпта интернет-конференциялар ұйымдастырылады. Жыл басынан бері 8 интернет-конференция және 5 сауалнама жоспарланып, ұйымдастырылды. Интернет-конференцияда 25 сұрақ келіп түсіп, барлығына онлайн режимде уақытылы жауап берілді, – деді басқарма басшысы.

 «Аймақта мемлекеттік тіл саясатын іске асыру» және «Körneki» әлеуметтік жобалары бар. Ономастика саласында өзектендірілген «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары», «Дәстүрлі атаулар» тізімдері мен әдістемелік ұсынымдар  басшылыққа алынуда. «Тарихи тұлғалар» тізіміне  14 тұлғаның есімі енгізілді. Сондай-ақ кейбір заңдарға енгізіліп жатқан өзгерістерге сәйкес, алдағы уақытта ауылдарға, ауылдық округтерге, аудандық маңызы бар қалалардың құрамдас бөліктеріне атау беру барысында республикалық ономастика комиссия келісімі алынатын болады.

Бүгінде атау беру уақытша тоқтатылған. Алдағы уақытта уәкілетті орган атау беруге рұқсат берген жағдайда, заңдылыққа сәйкес жалғасады.

Сонымен бірге қоғамда жиі көтеріліп жүрген ас мәзірін мемлекеттік тілде ұсыну мәселелеріне орай өткен жылы іске асырылған «Мемлекеттік тілдегі ас мәзірі мен тағам атаулары: қазіргі жағдайы, проблемалары» атты монография-анықтамалық пен «Тағам атаулары» сөздігі кәсіпкерлік палатасына, қала, аудан әкімдіктеріне, кітапханаларға, оқу орындарына таратылды. Аталған әдістемелік құралдардың электронды нұсқалары өзге өңірлерге де берілді.

Облыстық әділет департаментінің мәліметіне қарағанда, аймақта 1 055 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Бүгінде олардың 200-ден астамы белсенді жұмыс жасауда. Үкіметтік емес ұйымдардың қызметін жүйелендіру, олардың басын біріктіріп, мемлекеттік саясатты оңтайландырып іске асыру үшін 2006 жылдан бері елімізде «Қазақстанның азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі құрылған. Бұл бірлестікке 73 ұйым мүше ретінде тіркелген.

Жыл басынан бері бекітілген жоспарға сәйкес қоғамдық-саяси маңызды оқиғалар мен республика көлемінде аталып өтілетін атаулы даталар, Сыр өңірінен шыққан азаматтардың мерейтойларына арналған тағылымды жиындар, өңірдің тарихи-мәдени және идеологиялық мазмұнын айшықтайтын шаралар кезең-кезеңімен өткізілуде.

Облыста Байқоңыр қаласын қоса есептегенде 14 пен 35 жас аралығындағы 246 455 азамат тіркелген және жалпы халықтың 29,2 пайызын құрайды.  Өңір жастар саны бойынша 9-орында.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<