«Қылмысқа қарсы күрес және қаламызда тәртіп орнату – біздің ортақ мақсатымыз». Облыстық полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожабаев қаладағы Өсербаев, Қорқыт ата, Әйтеке би көшесінің тұрғындарымен кездесуде осылай деді. Кездесуге қала әкімі Асылбек Шәменов, қала прокуроры Ағыбай Жақанов, қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекеме өкілдері және қоғам белсінділері қатысты.
Тұрғындар жалға берілетін пәтерлердің, жалға алушылардың санитарлық талаптарды сақтамауы, түнгі уақытта қоғамдық тыныштық ережелерін бұзуы жайлы өзекті мәселелерді көтерді.
Полиция департаментінің бастығы Өсербаев көшесіндегі өзекті мәселелер, учаскелік инспекторлардың жергілікті жерлердегі жұмысы туралы білді, қауіпсіздікті жақсарту және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша ұсыныстарды тыңдады.
Ашықтық, тұрғындардың проблемаларына жедел ден қою – полиция қызметінің басты ұстанымы. Әйтсе де қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде бірлескен әрекет керек. Өйткені өткір мәселелерді полиция біржақты шеше алмайды.
Қала әкімі кездесу қорытындысы бойынша осы аудандағы бейнебақылау камераларының санын арттыру, көшелерді жарықтандыру, Өсербаев көшесіне модульдік полиция бекетін орнату мәселесін шешуге уәде берді. Өз кезегінде қала прокуроры заңдылықтың сақталуын бақылауға алуды, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері осы ауданда санитарлық нормалардың сақталуын бақылайтын болды.
Кездесуге қатысқан қоғам белсенділері осы әкімшілік учаскеде қауіпсіздік пен құқық бұзушылықты қамтамасыз ету бойынша бірқатар ұсыныстарын айтты.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<