Өңірде жыл басталғалы есірткі қылмысына қатысты 19 құқық бұзушылық анықталды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Тоқтыбаев пен жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ердаулет Жаукеев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.
Сала мамандарының айтуынша қаңтар айында заңсыз айналымнан 57 келі 992 грамм есірткі, оның ішінде 31 келі 365 грамм марихуана, 284 грамм гашиш тәркіленген. Сондай-ақ, фито-зертхана анықталып, қызметі толықтай жойылды.
– Департамент өз құзыреті шегінде нашақорлықтың алдын алу және
есірткі қылмысына қарсы күресте қажетті шаралар қабылдауда. Мәселен, жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жуырда Сырдария ауданының 40 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол өзінің үйінде есірткі затын аса ірі мөлшерде сақтап, қарасора өсірумен айналысқан. Тінту барысында 86 түп ыдысқа отырғызылған сора өсімдігі, есірткі затын өсіруге арналған жабдықтар, 2 пластикалық ыдысқа салынған кептірілген марихуана айғақ зат ретінде алынды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Мұнан бөлек, әлеуметтік желіге мониторинг жасау барысында «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесі синтетикалық есірткіні жарнамалайтын 80 сайттың жұмысын тоқтатты, – дейді Серік Әбдімәуленұлы.
Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да тиісті профилактикалық жұмыстар жүзеге асырылды. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде бір айда бұрын сотталғандар жасаған қылмыс саны 7,9 пайызға төмендеді.
– Облыс көлемінде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары да үздіксіз жүреді. Күнделікті өткен рейдтік шараның шеңберінде әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 861 жасөспірім ұсталып, олардың ата-аналары жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ жыл басталғалы өз балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін 68 ата-анаға әкімшілік хаттама ресімделіп, облыстық мамандандырылған кәмелетке толмағандардың ауданаралық сотына жолданды. Түнгі мезгілде кәмелетке толмағандардың ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 30 ойын-сауық орнының әкімшілігіне шара көрілді. Сонымен қатар қылмыс жасағаны және бірнеше рет әкімшілік құқық бұзғаны үшін 26 кәмелетке толмаған жасөспірім мен 23 қолайсыз отбасы анықталып, профилактикалық есепке қойылса, 4 адам өздерінің ата-ана құқығынан айырылды. Қаңғыбастық пен кезбелікке салынған кәмелетке толмаған 26 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды, – дейді Ердәулет Баянбайұлы.
Айта кетейік, жол көлік оқиғаларына тікелей әсер ететін 15894 құқық бұзушылық дерегі анықталған. Жүргізушілердің жолда жүру ережесін сақтамауы жол-көлік оқиғаларының өсуіне әсер етуде.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»





