Қоғамның тұрақты дамуының кепілі

206

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Конституция күніне арналған «Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекет пен қоғамның тұрақты дамуының кепілі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жиында университеттің басқарма төрағасы – ректордың қоғаммен жұмыс жөніндегі кеңесшісі Абайбек Жүнісов Ата Заңымыздың ел дамуы жолындағы маңызы, Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы айтты.

– Конституция – мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат. Мемлекеттің тұтастығы, саясаты, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, азаматтар құқығының сақталуы, демократиялық құндылықтардың барлығы осы заң аясына топтасқан. Осы жылдар ішінде Конституцияға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заман талабына сай дамуға бет алған Қазақстан үшін уақыт ағымына қарай икемделіп отыру аса маңызды, – деді ол.

Конференцияда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашиков Ата заң елдің даму бағыттарын белгілейтін басты құжат екеніне тоқталды.

Саясаттану ғылымдарының кандидаты  Ербол Әбенов, ҚР Ішкі істер органдарының ардагері, полиция полковнигі, облыстық адвокаттар алқасының адвокаты, университеттің құқықтану кафедрасының аға оқытушысы Темірхан Қанатбаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің комплаенс-офицері Әлібек Жаппасбаев, құқықтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Айнұр Исаева баяндама жасады.

Ғалымдар Конституцияға өткен жылдар ішінде енгізілген толықтыруларға кеңінен тоқталып, адам құқығының қорғалуы, заң үстемдігі турасындағы мәселелерді талқыға салды. Сондай-ақ, шетелдегі заңдар жүйесінің ерекшеліктерін жеткізді.

Жиын соңында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Соңында сала мамандары марапатталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<