Шымкент қаласында қол арбада отырып билеп, әлемді тамсандырып жүрген ерекше жан тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ермек Қалымбетов басына түскен қиындықты өмірге деген құштарлықпен жеңіп келеді. Екі аяғымен жүре алмасада жеңіл атлетикадан әлемдік жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Қоларбада жарысқа түсіп, талай байрақты бәсекелерде топ жарған. Ал, қазіргі кезде Италия, Швеция, Қытай, Ресей елдерінің сахналарында би билеп көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүр.
«Алғашқы кезде қиын жағдайларды бастан өткердім. Үнемі «неге» деген сұрақ көкейімнен кетпейтін. Кейіннен тағдырдың жазғанына көне беруді құп көрмедім. Тәуелкел еттім. Арбада отырыпта арман – мақсатқа жетуге болатынын дәлелдегім келді» – дейді ол.
Ермек алдын спортпен шұғылданған. Жаттықтырушысы Арыстан Орынбаев 17 жасар жеткіншекті жеңіл атлетика жарыстарына дайындады. Қоларбамен өтетін 100, 200, 400 метрлік жарыстарға қатыстырып, шыңдады. Нәтижесінде жігерлі жас жеңіс тұғырынан көрініп, біршама жетістікке жетті.
«Жеңіл атлетика ең қиын спорт түрі ғой. Қиын болды. Дегенмен, Талдықорғанда үш дөңгелекті қол арбамен жарысқа қатысып бірінші және екінші орын алдым. 2009, 2011 жылдары Қазақстан кубогынан чемпион атандым. Ал, параолимпиада ойындарына арналған лицензияны алу үшін Дубайға барған сәтімді, жеңіліп қалдым. Бұл маған өте қатты соқты» – дейді ол.
Ермек екі-үш жылдай өзін тастап жібердім. Ел ішінде өтетін жарыстарға қатысқанымен бұрыңғыдай қызығушылығы болмады. Себебі, оның бар ойы олимпиада чепионы атану болатын. Шәкіртінің жағдайын жақсы түсенген жаттықтырушысы оны бимен айналысуға үндеді. Содан Дария Жұмаділаева есімді үйірме жетекшісмен таныстырды. Міне, сол сәттен бастап жігерлі жастың жаңа өмірі басталып, жаңа қыры ашыла бастады.
«Бимен айналысу қиындық тудырғанымен қызығушылығымды арттырды. Сондай-ақ, өмірге деген құштарлығымды оятты. Алғашқыда кішігірім жарыстардан бірінші орын алып жүрдім. Кейін дайындықты күшейтіп, үлкен жарыстарға шыға бастадық. Қарағанды мен Алматыдан да жүлдемен оралдым. Кейін шетелге шығып, өнер көрсеттік» – дейді ол.
Ермек би алаңына шыққанда өз еркін ұстайды. Еркін қозғалып, музыканың ырғағына сай икемге түседі. Қол арбасы да биге арналған. Қазір ол үшін самба, румба, танго, вальс, ламбада секілді би түрлерінде өнер көрсету түкте қиын емес. Тіпті арбада отырғанын ұмытып та кететін кездері бар. Бүгінге дейін Тайван, Белгия, Германия, Италия, Славакия, Польша, Ресейде өнер көрсетіп, жүлделі орындардың иегері атанды. Германияда «Адай» күйіне билеп 4-ші орыннан көрінді. Қазір де кезекті жарыстарға дайындалып жатыр.
«Жаттықтырушым Дария Жұмаділаева мен Арыстан Орынбаевқа және қасымда бірге билейтін жұптасым Күлшім Аталықова мен Айдана Мұқановаға алғысымды білдіремін. Айдана да мен секілді қоларбаға танылған қыз. Өзі талапшыл, жігерлі. Барлығы маған қолдау білдіріп, жетістікке жетуіме себепкер болып отырған жандар»- дейді Ермек.
Бүгінде биші жігітті іс-шараларда өнер көрсетуге шақырып тұратын мекемелер көп. Тіпті тойға да шақыратын бар. Дегенмен, Ермек тойда өнер көрсетуге қарсы. Ал, іс-шаралардан қалмауға тырысады.
«Жарыс пен тойдың аурасы бөлек. Тойдағы халық жанашырлықпен жүрегі ауырып қарап отырады. Соның барлығын сезініп жүреміз. Бір рет тойға барғанмын. Көпшіліктің назарын көтере алмай құлап қалдым. Содан бері тойға шақыртуларға шықпаймын. Ал жарыс – бәсеге. Талпыныс. Жалпы бізге жанашырлық қажет емес» – дейді ол.
Ермек Жорабекұлы тәуелсіздікпен түйедей құрдай. 1991 жылы дүниеге келген. Ал, 1998 жылы Қасқасу ауылындағы мектеп-интернатты бітірді. Кейіннен Аграрлық колледжде бағдарламашы мамандығын меңгерді. Қазір Түркісан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығынде музыкалық жетекші болып еңбек етіп жүр. Аудандардан емделуге келген жарымжан жандарға концерт ұйымдастырады. Жұбайы Әлия екеуі Алина есімді қыз өсіріп отыр.
«Шымкентте жұмыс істейтін болғандықтан қарашаңырақтан кеттім. Алғашқыда әкем мен анам қатты уайымдап қалды. Қорықты. Ал, қазір чемпион ұлдарын мақтан тұтады» – дейді ол.
Ермек бос уақытында турникке тартылып, брусияда ойнайды. Жаттығулар жасайды. Арқанға өрмелеп, түседі. Қол арбасымен 5-ші қабатқа дейін баспалдақпен қиналмай шығып түсе алады.
«Бүгінге дейін талай қиындықты көрдім ғой. Балалармен бірге жоғары қабаттан пәтер жалдап тұрдық. Оған шығып түсу, көшеде жүру қиынның қиыны еді. Қазір соның барлығын жеңіп келемін. Бұл менің өмірге деген құштарлығым болса керек. Алда да отбасымды бақытты ету жолында барымды саламын. Параолимпиада өнер көрсетіп, чемпион боламын деген ойымнан да айныған жоқпын. Қазір соған дайықтықты бастадым. Найза лақтыруды меңгеріп жатырмын» – дейді ол.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<