Қолдаған баланың бақ-талабын

362

0

Қоғамда ер азаматтардың дәрежесін көтеру, оларға деген құрметті қалыптастыру, әсіресе, ұлттық ұстанымға сай ұрпақ тәрбиесінде әкенің ықпалын арттыру мәселесі әр адамды ойландыруы тиіс.

Тәрбиенің түп қазығы отбасында десек, бүгінде шаңырақтың егесі – әке тәрбиесін күшейту мәселесіне назар аударыла бастады. Өңірдегі барлық мектептер жанынан Әкелер кеңесі құрылды. Осындай кеңестің бірі С.Шаухаманов атындағы №9 білім-инновация лицейінде жұмыс жүргізіп келеді. Өзім осы кеңестің белсенді мүшесі ретінде барлық әкелерді бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға шақырамын.

Бала күнімізден жасы үлкен кісіге, ұстазға, әке мен анаға деген құрметіміз, іні-қарындастарға деген қамқорлығымыз айрықша. Сондықтан үлкен-кішінің арасында ілтипат, сый-құрмет болатын. Ал қазір осындай жақсы қасиетімізді жоғалтып алғандаймыз. Өйткені қоғамда бала тәрбиесі, оның ішінде ер балалардың тәрбиесі өте өзекті. Мектеп қабырғасында жүріп, оқушылардың бір-біріне күш көрсетіп, ауыр зардапқа ұшыратып жатқан жағдайларды естіп-біліп отырмыз. Тағы бір мәселе, әскерге баруға құлықсыз жастар қатары көп. Неге десеңіз, әскердегі тәртіп те әлсіреп кеткен. Ол жақта да жастардың бір-біріне деген мейірімінің жоқтығынан, қатыгездігінен қиындықтар туындап жатыр.

Бұл мәселеге байланысты облыс әкімі білім саласы бойынша кеңейтілген жиын өткізіп, балалар мен жасөспірімдер арасында тәрбие жұмысының тым босаңсып кеткенін, соның салдарынан жасөспірімдердің қылмысқа бару деректері белең алып тұрғанын сынға алып, білім беру ұйымдары басшыларына қатаң талап қойды.

Расында, тәрбие неден төмендеп кетті? Оның бір себебі, қазір жасөспірімдердің санасын смартфон жаулаған. Ал онда жөнді-жөнсіз ақпараттар толып жатыр. Саралап, салмақтап қарамаса, баланың психологиясына кері әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан олардың санасын қажетсіз ақпараттардың улауына жол бермей, сабақтан тыс уақытын тиімді пайдалануын мұғалім және ата-ана дұрыс бағыттауы қажет.

Бүгінде білім-инновация лицейінде құрылған Әкелер кеңесі ер балалардың тәрбиесіне байланысты үздіксіз жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтар болсақ, 7-11 сынып аралығында ер балалармен тұрақты түрде тәрбие сағаттары өтіп, түрлі тақырыптар бойынша ой-пікір алмасып отырамыз. Ал 10-11 сыныптар арасында мамандық таңдауға байланысты әр салада қызмет атқарып жүрген әкелермен кездесу ұйымдастырылады. Сондай-ақ сыныптағы оқушылар әкелерінің жұмыс орнына барып, күнделікті жұмыс барысын көзімен көреді. Бұл іс-шаралар жасөспірімдердің қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуіне, еңбек адамына деген құрметінің қалыптасуына өзіндік әсер етеді деп ойлаймын.

«Отан отбасынан басталады» дегендей, бес баланың әкесі ретінде отбасындағы өз міндетімізге мұқият қарауға тырысамын. Балаларымның болашағы дұрыс болуы үшін сабағын тұрақты қадағалап, саламатты өмірге бейімдеу мақсатында ұлдарымызды еркін күреске, жүзу спортына, қыздарымызды би үйірмесіне бердік.

Қоғамның өзі алға тартып отырған отбасындағы әке тәрбиесі әрбір шаңырақтың шырқы бұзылмай, келісті өмір кешуінің кепілі болуы керек.

Нұрбек ТІЛЕУІМБЕТОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<