Бүгінде жастардың жұмыспен қамтылуы, білім грантына ие болуы жыл сайын артып келеді. Бұл қамқорлықтың бір парасы ғана. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,5 пайызға төмендеді. Басым бөлігі көтерме және бөлшек сауда, білім беру, өнеркәсіп, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс істейді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев айтты.
– Жалпы еңбек нарығына келген жастарды жұмыспен қамту және өз кәсібін ашу үшін несие, қайтарымсыз грант беруді көздеп отырмыз. Жастарды жұмыспен қамтуға, білім деңгейін арттыруға «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы» ерекше үлес қосып келеді. Өткен жылы 22 мыңға жуық жас тұрақты жұмысқа орналастырылды. Биыл да 7259-ы жұмыспен қамтылды. 2571 адам еңбек нарығындағы бос жұмыс орындарына, 4688-і субсидияланған жұмыс орындарына жолданды. Қалғандары әртүрлі оқу курстарынан өтсе, кәсіп ашуға несие иеленіп, мемлекеттік қайтарымсыз грант ұтып алғандар да бар. Жалпы 7 ай ішінде жастар тәжірибесіне 1016 адам жолданып, жыл соңына дейін қосымша 2114 адам қамтылады деп жоспарлануда.
Жұмыс іздеген жастар үшін тағы да бір жаңалық бар, тамыз айының 20-нан бастап tanda.enbek.kz платформасында бос жұмыс орындарының онлайн жәрмеңкесін өткізу қолға алынды. Жалпы онлайн жәрмеңкеге 18 жұмыс берушіден 281 бос жұмыс орын ұсынылып, 132 жас жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Келесі онлайн жәрмеңке қазан айының бірінші онкүндігінде аталған порталда өткізіледі, – деді басқарма басшысы.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<