Қолөнер сыры өрнекте

902

0

Бұрын  үйдің төрінен орын алатын тұскиіз, текеметті қазір көрмейтін болдық. Төрт түліктің жүнінен түрлі бұйым жасап, оны күнделікті тұрмыста қолдануды,  жүннен жасалатын табиғи өнімнің денсаулыққа пайдасынан бөлек, ұлттық болмысымызды айшықтап тұратынын да естен шығардық.

Бағжан Шайхыслам есімді жас кәсіпкер жайлы өткен жылы да жазған едік. Жуырда оның қайтарымсыз грантқа құрал-жабдықтар алып, дүкен ашқанын естіп хабарластық.

Киізден киім тігу Бағжанның осыдан бес жыл бұрынғы арманы еді. Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Кәсіптік оқыту» мамандығында оқып жүргенде-ақ «Киізден заманға сай сәндік бұйымдар жасау» атты жобасын сәтті қорғайды. Міне, сол уақыттан бері арманын мақсатқа айналдыра білген ол қазір киізден киім тігіп, кәсіп көзіне айналдыруда.

– Менің мақсатым – ұмытылып бара жатқан қолөнерді насихаттау, ұлттық бұйымды тұрмысымызға енгізуге үлес қосу. Ата-бабамыз төрт түлік малды берекелі кәсіпке айналдыра білген. Қойдың жүнінен киіз басып, ұршық иіріп, тоқыма тоқығанды әжемізден көріп өстік. Ал қазір ауылда қойдың жүнін қоқысқа тастауды ғана біледі. Бұл көрініс мені ойға қалдыратын. Университетте жүргенімде бір кәсіппен айналысуға мүмкіндік жасап, тіпті арнайы аудитория бөлгенде қатты қуандым. Көкейде жүрген ойды іске асыруды қолға алдым. Әрине, біраз тер төгуге тура келді. Әуелі киіз басу керек. Киізден оюлы жакет, сәндік бұйымдар жасауға өз өңіріміздегі қой жүнін пайдалану қиынға соқты. Сол себепті Алматыдан меринос қойының жүнін алдыртып, жасай бастадым. Бәрі сәтті шықты. Алғашқы қолөнер бұйымдарымды айналамдағы достарым, туыс-бауырларым тұтына бастады. Мұнан кейін көрмеге қатыстым. Елдің қызығушылығы барын байқадым. Жылы әрі таза, табиғи өнімнен жасалған кеудешелерге, байпақтарға сұраныс көбейді. Сөйтіп жүріп, бұл кәсіп студент кезімде-ақ оқудан тыс уақыттағы бизнесіме айналды, – дейді Б.Шайхыслам.

Бүгінде Бағжан бір үйдің отанасы, келіні бола жүріп кәсібін үйлестіруде. Қала орталығынан дүкен ашып, бұйымдарын сатуға шығарған. Еліміздің қалаларынан сұраныс көп. Былтыр иеленген қайтарымсыз грантқа қажетті құрал-жабдықтар, тігін машинасын, өз қаражатына  басқа да жиһаздарды алған. Дүкен іші тұтынушыға жайлылық сыйлайды. Келушілер киізден тігілген байпақ, жейде, белдікке көп қызығады. Өйткені, қыста  жылы әрі тыныштандыратын қасиетке ие. Меринос қой жүні  өте жұмсақ, денеге ыңғайлы. Аяқты суықтан қорғайды, терлетпей, бірқалыпты температураны ұстайды. Сондай-ақ, иммунитет көтеруге де көмекші құрал. Үлкен кісілерде жиі кездесетін қан қысымы ауруына, ұйқыны қалыпқа келтіруге әсері мол. Киізден жасалған бұйымдарды мерзімдік, яғни тек қыста пайдаланады деген қате түсінік те бар. Жазда киетін жұқа маталардан тігілетін көйлектер мен жейделерге киізден әдемі ою жасап, жапсырса одан әрі сәнді болады. Алдағы уақытта киізді мата түрінде шығарып, жеке өлшеммен тігуді де жоспарлап отыр.

Ерекше кәсіп түрін тапқан Бағжан өзінің жанына сіңлісі Гүлден мен тағы екі інісін жұмысқа алған. Инновациялық жобаның авторы бұйымдарды тапсырыс берушілердің талғамына сай етіп жасайды. Бағасы да қолжетімді. Үлкендердің аяқ киімдері мен байпақтар 4000 теңгенің шамасында болса, балаларға арналғаны – 3000 теңге.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<