Қазақтың күміс көмей әншісі, Қазақстанның және КСРО Халық артисі, ән әлемінің падишасы Роза Бағланованың 100 жылдығына орай ұлы әншіні ұлықтау іс-шараларының легі елордадан бастау алып, Сыр өңірінде жалғасын тапты.
Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақтың қаһарман қызы» атты мерекелік кеш өтті. Республикалық деңгейдегі концерт қазақ өнерінде қайталанбас із қалдырған тарихи тұлғаның ғасырлық мерейтойына арналды. Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Роза Бағланова орындаған, халыққа кең тараған, Ұлы даланы тербеген әндер шырқалды.
Концертте ұлы әншінің репертуарынан орын алған композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Әдемі-ау», «Асыл арман», халық әндері «Ахау, керім», «Сәулем-ай» әуеледі. Шәмші Қалдаяқовтың «Ақмаңдайлым», Нұрғиса Тілендиевтің «Саржайлау» әндері шырқалды. Қазақ өнерінің биігінде жүрген әншілер Нұрғали Нүсіпжанов, Алтынбек Қоразбаев, Сұлушаш Нұрмағамбетова, Жеңіс Сейдоллаұлы, Жеңіс Ысқақова, т.б өнерпаздарды көрермен ерекше ықыласпен қабылдап, қол соқты. Сондай-ақ, Р.Бағланованың образын кинода сомдаған актриса Зарина Жәкенова Роза Бағланованы әлемге танытқан «Ах, Самара-городок» әнін орындады.
Жылдар бойы сахнадан шырқалып, халыққа кең тараған, әр қазақтың жүрегінде жатталған есті әндерді көрермен сағынып қалыпты. Жүректің нәзік қылын шертетін, сөзі мен сазы үйлескен туындыларды талантты дирижер Абылай Тілепберген басқаратын Құрманғазы оркестрі сүйемелдеуі кештің көркіне көрік үстеді. Құрманғазы оркестрі – Ахмет Жұбанов негізін салған, 90 жылға жуық тарихы бар қазақ өнеріндегі өзіндік орнын алған ұжым. Қобыз бен домбыра, жетіген мен шертер үйлесім тауып, талай әннің бағын жандырып келеді.
Концертте әншілер тұтас бір дәуірдің мақтанышына айналған, қазақ өнерінің ұлылығын әлемге паш еткен біртуар тұлға туралы естеліктер айтты.
̶ Роза Тәжібайқызы – өзінің тамаша әндерімен әлемді аралаған жан. Ол киелі сахнаны жан-тәнімен жақсы көрді. Аты аталған бойда көрерменнің қол шапалақтауынан қуат алып, әсем дауысымен тыңдаушысын елітіп әкететін. Соның арқасында елінің ерке қызына айналды. Өзі сондай ғажайып, ерекше жаралған жан еді, ̶ деді Н.Нүсіпжанов.
Әншінің репертуарында қазақтың халық әндері, атақты композиторлардың шығармалары және орыс, өзбек, тәжік, украин, грузин, әзербайжан, қырғыз, моңғол, чех, венгр, қытай, корей, үнді, швед халықтарының әндері үйлесімді көрініс тапты. Алаштың ақ маңдайлы ару қызы әнді қай тілде айтса да, сахнаны жатырқамайтын, кез келген жерде құйқылжыта орындап, халықтың құрмет-қошеметіне бөленіп жүрді.
̶ Роза апамның ерекше қасиеті – өзінің ізінен ерген бауырларына үнемі жаны ашып, ақылын айтып жүретін. Біз ұлттық намысты сол кісінің бойынан көріп өстік. Оның әнді нақышына келтіріп шырқауы – қазақ өнеріндегі қайталанбас құбылыс. Елі үшін аянбай тер төккен тұлғаны халық ешуақытта ұмытпайды. Дәуір тұлғасының ғасырға жуық еңбегі әрбір қазақтың жүрегінде мәңгіге сақталуы тиіс, ̶ деді А.Қоразбаев.
Роза Тәжібайқызының ұлттық киімі бойына қона кететін, ерекше образдарымен киелі сахнаның көркін ашып, бұлбұл құстай сайраған ғажап үні тыңдарманның құлақ құрышын қандыратын. Әлемдік деңгейдегі айтулы орындаушылармен бір сахнада қатар тұрып, өнер көрсеткен әйгілі әнші дарынымен және орындаушылық шеберлігімен өз халқының ғана емес, ән сапарымен барған барлық елдің ерекше құрметі мен сүйіспеншілігіне ие болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында жауынгерлерге рух берді, ал соғыстан кейінгі кезеңде тыңдаушыларды әсем әндерімен қуантты.
Айта кетейік, Роза Тәжібайқызы Халық қаһарманы атағына ие болған. Ол өмірінің 70 жылдан астамын сахнада өткізіп, әлемнің 50-ден аса елінде болып, 25 тілде ән шырқаған. Сөйтіп қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен өнерінің өркендеп, әлемге танылуына үлкен үлес қосты.
Аружан Ералы,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<