Қолжазба шерткен сыр

1080

0

Уақыт табы сарғайтқан қолжазбаны  бірнеше мәрте оқып шықтым. Жасы егде тартқан адамның көпшілігіне тән ірілеу әріппен, түсінікті етіп жазылған парақтардағы оқиға желісі бойымды баурап алды. Санамда  іңгәлап, жарық дүниенің есігін жаңа ашқан шақалақ, бауыр етінен жаратылған перзентін еміреніп сүйе алмай,  мәңгілікке көз жұмған жас босанған  ана, қайғыдан қан жұтқан әке елестеп өтті. Ендігі мезетте жүзі алмас қылыштай жарқылдаған кетпенді құлаштай сермеген бозбала Кәкіштің бейнесі бір қиырдан қылаң ұрды. Ал құлағыма сатырлай атылып, жауға қорғасын оқты жаңбырша жаудырған  пулеметтің даусы, жанұшыра шыңғырған адам үні келгенде денем түршікті. Өрекпіген сезімімді зорға тежеп, қолымдағы сырға толы дерекке қайтадан  үңілдім.

«Мен Нағыманов Кәкіш 1922 жылы, 12 маусымда «Ақкөл» деген көлдің маңайында, «Дандабай» аталатын төбенің баурайында дүниеге келіппін. Әке-анам адал еңбегімен нәпақасын тапқан жандар екен. Өмір дегенді қойсаңызшы?! Асыл анам мені жарық дүниеге әкеліп, өзі бақилық болып кетіпті. Осылайша мен анамның ақ сүтінің дәмін  татпай-ақ, шырылдап, жетім қалыппын. Алайда бұл жалғанда жақсы, мейірімді жандар аз емес екен. Сол кезде әкемнің туысы Пірназар деген кісінің әйелі де жас босанып отыр екен. Мені сол апаға беріпті. Сол әйелден мен ана сүтін татып, адам қатарына қосылдым» деген майдангер Кәкіштің жазбасын оқығанда тамағыма ащы өксік тығылды. Әрі ел-жұртты қынадай қырған ашаршылық кездің өзінде жетімге пана болған қазақ әйелінің асқан адам­гер­ші­лігіне қатты тебі­рендім. Қайран, қазақ әйелі! Қазіргі қоғамда біреудің шақалағы  тұрмақ, қанасын қақ жарып шыққан сәбиін қоқысқа қажетсіз заттай лақтырып тастап кетіп жатқандар аз ба?! Уа, Алла өзің кешір­гейсің!

Жанарыма үйірілген жас­­ты сүртіп тастап, оқуды жал­­ғастырдым.

«Буыным қатып, қабыр­ғам қатая бастағаннан әкем­нің қасына еріп қол жұмыс істедім. Қандай ауыр жұмыстан да тартынғаным жоқ. Қолдап арық, канал қаздық. Әкем терең арықтың ішінен лақ­тырған топырақты мен жа­йып тұрамын. 1928 жыл келді. Жеке шаруаларды біріктіріп, колхоздастыру басталды. Бірнеше колхозды біріктіріп «Жаңа тұрмыс» деген колхоз құрылды. Соғыс бас­талғанша сол колхозда жұ­мыс істедім.

1942 жылдың 25 мамырында ауылдастарым Қаршыға Бәкішов, Сақыбай Қаниев өзге де азаматтармен бірге соғысқа аттандық. Әскери дайындықтан соң бізді жан-жақтағы әскери бөлімдерге таратып жіберді. Мен 1022 атқыштар полкіне түстім. Суши өзенінің бо­йында бекініс жасадық. Өзеннің арғы бетінде немістер, бергі жағалауда совет әскерлері орналасқан еді. 1943 жылдың ақпан айында Брянск түбінде сұрапыл шайқасқа түстік. Бір пулемет ұясында 6 адам болатынбыз. Брянск ма­ңында сол алтау­мыз да жараландық. Бізді шай­қас­тан соң теміржол арқылы Скатин қала­сын­дағы әскери госпи­тальға жіберді. Госпитальда төрт жарым ай емделдім. Дәрі­герлік тексеруден өт­кізіп, ауылға алты айға демалысқа жіберді. 1944 жылға дейін ауылда болдым. Мұнан соң әскерлер мінетін 250 бас жылқыны Орловск облысына жермен айдап бардық. Бұл сапарға тура 6 ай уақыт кетті. Қаншама қиындықтарды бастан кешірдік. Ақыры жанымдағы серіктеріммен бірге елге аман-есен орал­дық. Ауылда бел шеше еңбек еттім.

Қираған шаруашылықты қалпына келтіруге бағыт­талған жоспар аясында Қызылорданың «Тасбөгет» деген жерінде Сырдария өзеніне плотина салуға қатыстым. Мен 30 адамнан жасақталған бригаданы басқардым. Бригадамдағы неміс, кәріс, қазақ, тағы басқа ұлттардың  өкілдері тату-тәтті тұрдық. Кейін бригадаға  біздің әскерлерге тұтқынға түскен жапон солдаттарын қосты. Менің бригадамда тұтқынға түскен 90 жапон солдаты болды. Ұйымшылдықпен жұмыс істеп, жергілікті материал дайындадық. 

Елге келген соң жұ­мысшы, сушы болып тер төктім. Уақыт өте жеке учаске алып, күріш ектім. Жақаевшылар қозғалысына қосылып, еңбек еттім. Ең­бегім елеусіз қалмады.

І дәрежелі «Отан со­ғысы» ордені, «Тылда еңбек еткені», «Еңбек ар­дагері», өзге де медальдар­мен наградталдым.  Зайы­бым екеуміз екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмыз» деп  Кәкіш  көкеміз сөзін түйіндепті.

Бұл күнде қарт майдангер арамызда жоқ. Кешегі батыр жауынгер, соғыс және еңбек ардагері Кәкіш Нағыманов 2006 жылы өмірден озды. Десе де, ер ұлының есімін елі ұмытқан жоқ.

Қазалы ауданы

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<