Күн өткен сайын бас шаһардың келбеті айшықталып, ажарлана түсуде. Көшелер мен саябақтардан кейін кезек қоқыс алаңдарына да келді.
Нақтырақ айтқанда, көпқабатты тұрғын үй аулаларындағы қоқыс алаңдары жаңалана бастады. Қазір сондай алаңның 75-і климаттық ерекшеліктерге сәйкестендіріліп, қоршауымен орнатылуда.
Құрылыс сапасына бақылау жүргізілді
Аудан әкімінің орынбасары Ш.Есжанов пен аудандық ардагерлер ұйымының өкілдері және Арал қаласының әкімі Б.Ұзақов аудан орталығында салынған тұрғын үйлердің құрылыс сапасын бақылау мақсатында кәсіпкерлермен кездесу өткізді.
Кездесуде тұрғын үйлерге жүргізілген бақылау жұмыстарының нәтижесіне сәйкес кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде қалпына келтіру жөнінде түсіндерме жұмыстары жүргізілді және шағын ауданның тазалық мәселесі де сөз болды.
Сенбілік жалғасуда
Әр сенбі сайын өткізілетін көркейту-көгалдандыру, санитарлық-тазалық жұмыстары барлық кент, қала және ауылдық округ аумақтарында жалғасты.
Аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі Сабырбаев, Біржан сал, Пірімов, Жаңқожа батыр және Молдағұлова, М.Шоқай көшелерінің бойында шөп шабу, қоқыстарды теру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар электр бағаналары ақталып, сырланды. Тазалық жұмыстарын аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет аралап көріп, жауаптыларға бірқатар тапсырма берді.
Рухани тарту
Қызылорда қаласының астана атанғанына биыл 100 жыл толып отыр. Осы тарихи мерекеге орай «Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы – Қызылордам» атты облыстық өнер байқауы аясында Қармақшы ауданының өнерпаздары қала жұртшылығына ерекше мерекелік тарту жасады.
Қаланың орталық алаңында өткен ауқымды мәдени шарада жыраулық өнердің алтын бесігі саналатын Қармақшы топырағының төл өнері мен тарихи-мәдени мұрасы кеңінен насихатталды.
Мерекелік кешке «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, Қазақстанның өнер қайраткері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы, ақын Серік Ыдырысов, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Самат Смағұлов арнайы қатысып, мерекемен құттықтап, аудан өнерпаздарына өз алғыстарын білдірді.
Кент тұрғындарымен кездесті
Аудан әкімі Ардақ Ибраимов І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша кент тұрғындарымен кездесті.
Кездесуде аудан әкімі атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды. Сонымен қатар, Жалағаш кенті бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы міндеттерді атап өтті.
Тұрғындар аудандағы оң істерге, қолға алынған жобаларға, алда атқарылар жұмыс бойынша, ұсыныс-пікірлерін бөлісті.
Қаламгерлерге құрмет көрсетілді
«Руханият орталығында» аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік іс-шарада аудан басшысы қаламгерлердің елеулі еңбегін атап, жылы лебізін білдірді және бірқатар мереке иелерін марапаттады.
Мерейлі 75 жасқа толған Мүсілім Қалмұратұлы Құттықтау хатпен және облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталса, сала ардагері мен аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің қызметкерлеріне Алғыс хат табыс етті.
БАҚ өкілдері футбол алаңында бас қосты
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні аясында ауданда ақпарат майталмандары шағын футболдан өткен облыстық турнирде бас қосты.
Жарыс Шиелі кентіндегі денешынықтыру-сауықтыру кешенінде өтті.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков құттықтау сөз сөйлеп, ақпарат кеңістігінде тынымсыз еңбек етіп жүрген журналистер қауымына өз ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыс пен жеңіс тіледі.
Турнир нәтижесі бойынша 1-орынды «Сыр медиа» ЖШС командасы жеңіп алса, 2-орын меншікті тілшілер құрамасына бұйырды. 3-орынды Жалағаш ауданының командасы иеленді.
Жамбы атудан жеңімпаз атанды
Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында алғаш рет қыздар арасында жамбы атудан өтті.
2005-2007 жылы туған жастар арасындағы ҚР чемпионатында Жаңақорған ауданының №7 спорт мектебінің спортшылары Алтынай Исрайл «Корей стилі» бойынша жеңімпаз атанса, жастар арасында «Мажар стилі» бойынша сынға түскен спортшы Ақәділ Пернебай бірінші орынды жеңіп алды.
Жаттықтырушысы – Өміртай Ғалымжан, команда жетекшісі – Сламхан Боранбаев.
Дайындаған Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»





