Қоқысты кәдеге жарату көлемі артады

551

0

Қызылорда облысында 227 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтың тек 30 пайызы өңделеді. Онымен айналысатын 17 кәсіпкерлік субъектісі бар. Бірақ бұл аз. Сондықтан алдағы екі жылда аудандар мен облыс орталығында қоқысты қайта өңдейтін зауыттар салу бағытында 10 жоба нақтыланды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов ол үшін инвесторлар тартылатынын айтып отыр.

– 9 жоба «Жасыл даму» акционерлік қоғамының механизмі арқылы жүзеге асырылады. Сырдария ауданындағы сұрыптау кешені мен қоқыс полигонының құрылысы қараша айында аяқталуы тиіс. Жобалар толық жүзеге асқан жағдайда 500 тұрақты жұмыс орны ашылып, қалдық өңдеу үлесі 30,1 пайыздан 33,6 пайызға ұлғаяды. Құрылысқа қажет брусчатка, кәріз люктері, қағаз, пластик және шыны өнімдері шығарылады, – деді басқарма басшысы.

Жобалардың негізгі үлесі Қызылорда қаласына тиесілі. Оның ішінде медициналық, құрылыс қалдықтарын кәдеге жарату, тұрмыстық қалдықтан шыны ыдыс, пластикалық шелек, леген, цистерна шығару жобалары бар.

Серік Сермағамбетов Қызылорданы қоқыстан тазартуға 6 сәуірде басталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының ықпалы зор екенін жеткізді. Осыған дейін 320 мыңнан астам адам акцияға атсалысып, 12 мың тоннадан астам қоқыс шығарды. Сыр топырағына жерсінген 129 мыңнан астам көшет екті.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Арал теңізінің құрғаған табанындағы 1,1 млн гектар жерге 2021-2025 жылдар аралығында орман мелиорациялық екпелер егу көзделген. Жұмыс қарқыны жылдан-жылға күшейіп келеді. Бүгінде сексеуіл мен саялы ағаш көшеттерін өсіретін 158 гектар уақытша орман тұқымбақтары ұйымдастырылуда. Онда 12 түрлі үйреншікті көшет отырғызылды.

– Дүниежүзілік банктің қайтарымсыз қаржысы есебінен Қазалы ауданында сексеуіл, саялы ағаш көшеттерін дайындау үшін тұрақты орман тұқымбағы әзірленуде. Қызылорда қаласы маңындағы «Қызылорда-Жезқазған» автожолы бойындағы 3 мың гектар жерге сексеуіл көшеттері егілуде, – деді басқарма басшысы.

Серік Сермағамбетов биыл вегетация кезеңінде Арал теңізіне түскен су көлемі едәуір ұлғайғанын атап өтті. 2020-2023 жылдары маусым, шілде, тамыз айларында Арал теңізіне орташа есеппен секундына 15 текше метр су түссе, биыл ол 70 текше метрге жетіп отыр.

– Сәуір айында Шымкентте өткен мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясында «Шардара» су қоймасына 2024 жылдың вегетациялық кезеңіне 3,6 млрд текше метр су түсетіні келісілген болатын. Соған сәйкес осы күндері 4,5 млрд текше метр су түсуде. Нәтижесінде су тапшылығы болған жоқ, – деді басқарма басшысы.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<