Қорықшы міндеті – орман қауіпсіздігі

118

0

Республикаға белгілі, Арал теңізі аумағындағы табиғат байлығының ең сирек кездесетін түрлері сақталған «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы» РММ ұжымы өрт қауiпсіздігіне байланысты ауқымды дайындық жұмыстарын бастап кетті. Бүгінде жалпы көлемі 163126 гектар болатын табиғи қорық үш учаскеден тұрады. Атап айтар болсақ, олар: «Барсакелмес», «Қасқақұлан» және «Дельта» аумағы болып бөлінеді.

Жыл басынан берi биылғы өрттен қорғану маусымына арналған негiзгi iс-шаралар жоспары әзiрленді. Онда қорыққа жақын орналасқан ауылдық округтер, сонда тұратын жергілікті кәсіпкерлермен іс-қимыл жоспары бекітіліп, орман мен дала өртiнiң алдын алу және жою мәселелерi көрсетiлген. Сондай-ақ жыл басынан берi мекеме аумағында өз қызметiн жүзеге асыратын барлық өртке қарсы iс-шаралар жоспары келiсiлдi. Орман өртiнiң пайда болуының ескерту схемалары жасалып, сөндiруге арналған қажетті күштер мен құралдардың есебi анықталды.

Айта кетейік, қорықтағы барлық құрал-жабдықтар, инвентарьлар тексерiліп отырады. Сондай-ақ өрттен қорғануға арналған жабдықтарды жөндеуге қосалқы бөлшектер мен жаңа құралдар сатып алынуда. Патрульдiк және өрт сөндiру техникалары радио және телефон байланыстарымен жабдықталған. Өрт сөндiруге арналған көліктердің жүргiзушiлерi арнайы техникамен жұмыс iстеуге машықтанған. Өрт сөндiру тақырыбында дәрiстер жоспарлы түрде жүргізіліп, ауыл шаруашылығы кәсiпорындары, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктері, ауыл әкімшіліктері және орман мен орманның тiкелей маңында жұмыс жүргiзетiн басқа ұйымдарда оқу-насихат жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы қызметкерлері халық арасында, орта мектептерде орман мен тоғайлы жердегі өрт қауiпсiздiгi ережелерiн сақтау бойынша түсiндiру және үгiт-насихат жұмыстарын жүргізіп, арнайы үн-парақтар таратып отырады.

Ғалымжан БАЗАРБАЕВ,

«Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы»

РММ-нің күзет бөлімінің басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<