сурет ашық дереккөзден
Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада жанкүйерлер арасында ерекше қызығушылық туғызып отыр. Қазірге дейін қазақстандық спортшылар 1 алтын, 2 қола медаль алды.
Дүбірлі додада шаңғымен тұғырдан секіруде қазақстандық Илья Мизерных чемпион атанды. Екінші орынға австриялық Никки Хамл болса, үшінші сатыда польшалық Лукас Лукащук жайғасты.
Жарыстың екінші күнінде ел құрамасынан шорт-тректен 1000 метр қашықтықта сынға түскен Полина Омельчук мәре сызығын үшінші болып кесіп өтті. Ол 1000 метр қашықты 1:41,600 уақыт көрсеткішімен бағындырды. Нәтижесінде ел құрамасы қоржынына қола медаль салды.
Дүбірлі додада шайбалы хоккейден Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 3х3 хоккей турнирінде 3-орын үшін сайыста Австриямен шеберлік байқасты. Матч 6:5 есебімен аяқталып, қазақстандық хоккейшілер қола жүлдегер атанды.
Тарихқа көз салсақ, еліміз аталған олимпиадаға 2012 жылдан бері қарай қатысып келеді. 2012 жылы Австрияның Инсбурк қаласында өткен дүбірлі додада биатлонның спринт түрінен қыздар арасында қазақстандық Галина Вишневская бір күміс алса, ізбе-із жүру бәсекесінде қола жүлдеге қол созды. Сондай-ақ қазақстандық шаңғышы Сергей Малышев 10 шақырымға классикалық әдіспен жарысуда үздік үштікті түйіндеді.
Ал 2016 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткізілген жасөспірімдер арасындағы Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына екі қола медаль түсті. Мәнерлеп сырғанаудан қыздар арасында жекелей сында Элизабет Тұрсынбаева үздік үштіктен көрінді. Тағы бір қола жүлде биатлонның спринт түрінен қыздар арасында Арина Пантова алды.
2020 жылы Швейцарияның Лозанна қаласында болған жасөспірімдер арасындағы Қысқы олимп ойындарында қазақстандық спортшылар ешқандай жүлдеге қол жеткізе алған жоқ.
Айта кетсек, дүбірлі дода 19 қаңтар-1 ақпан аралығында өтіп жатыр. Спорттық бәсекеге әлемнің 50 елінен 1 800 спортшы қатысуда. Жеті спорт түрінен (15 пән) 81 медаль жиынтығы сарапқа салынып жатыр.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<