Қоржында қола жүлде бар

2762

0

Астанада 8-13 қыркүйек аралығында күллі әлем көз тіккен V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны мәресіне жетті. Дүбірлі сайысқа әлемнің 89 елінен 2500 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасынан 261 спортшы сынға түсті. Оның сапында облысымыздың спортшылары да бар.

Ел намысын қорғаған бәсекеде жерлесіміз Назерке Әбілтаева қырғыздың ұлттық белбеу күресі алыштан  қола жүлде иеленді. 55 келі салмақта  әйелдер арасында өткен сайыста 12 елдің палуаны бақ сынады. Байрақты бәсекеде Назерке Иран, Молдова, Ресей палуандарымен белдесті.

− Мен үшін V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны сәтті өтті. Жарысты асыға күттік. Барлық спортшылар жақсы дайындалып келген. Намысты қолдан бермеуге тырыстым. Осы жарыста бақ сынауға мүмкіндік берген еліме, мені дайындаған жаттықтырушыларыма алғысым шексіз. Алдағы уақытта да ел намысын қорғауда биік белестерді бағындыруға бар күшімді салатын боламын, − дейді спортшы.

Назерке бұған дейін де жасөспірімдер арасында Әлем біріншілігінің жүлдегері, халықаралық және ел біріншіліктерінің жеңімпазы атанған. Сондай-ақ ол белбеу, қазақ және дзюдо күресінен ҚР спорт шебері, белбеу күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<