Оңтүстік Кореямен байланыс күшейгелі сан салада ілгерілеу басталды. Бұған дейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанынан жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылып, шетелдік білім беру бағдарламасы іске қосылған еді. Енді кезекті келісім шеңберінде Қызылордада жүріп-ақ Оңтүстік Корея университетінің дипломын алуға қол жетіп отыр. Мұндай мүмкіндік еларалық байланыс аясында жүзеге асып, Сыр елінің білім беру жүйесін жетілдіретін жобаға айналуда.
Кореямен білім саласындағы байланыстың символикалық мәні тереңде. Есте болса, 2021 жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасына сапарлап, екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың нығаюына жол салған болатын. Кейін генерал Хон Бом До сүйегін тарихи отанына қайтару рәсімі Қызылорда облысы мен Корея Республикасының өңірлері арасында екіжақты байланыстың орнауына зор серпін берді.
Ал өткен жылы аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев оңтүстік Кореяға барып, білім және ғылым саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаластыққа қол жеткізген. Жемісті сапардың жетістігі ретінде университет базасынан жасанды интеллект мектебі құрылып, IT технологиялар, киберқауіпсіздік және компьютерлік ғылымдар бойынша білім беру басталды.
Ерекшелігі сол, аталған жасанды интеллект мектебінде шәкірттер кореялық мамандармен бірлесіп оқытылмақ. Бұл мақсатқа Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университеті маман бөліп, керекті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуді мойнына алған. Тіпті халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жетекші университеттік жобаға грант ретінде 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.
– Өткен жылдың қараша айында жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды. Киберқауіпсіздік, бағдарламалау және бағдарламалық қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелер және информатика бойынша бірлескен білім беру бағдарламалары әзірленді. Оған жасанды интеллект және Big Data пәндері кіреді. Биылғы оқу жылынан бастап алғашқы студенттер қабылданатын болады, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова.
Бұдан өзге өткен жылғы әкім сапары тағы бір маңызды мүмкіндікке жол ашқан болатын. Ол – қос диплом бағдарламасы. Демек, жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі студенттері қос диплом бағдарламасы бойынша Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде және Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінде (СеулТех) қатар білім алатын болды. Ректордың мәліметінше, бағдарламада қолданылатын білім беру моделі қарапайым. Студенттер алғашқы төрт семестрді Қазақстанда оқыса, кейінгі семестрді Кореяда жалғастырады.
– Жақында Корея Республикасы Президенті Юн Сок Ельдің елімізге мемлекеттік сапармен келгенін білеміз. Маңызды сапар барысында инвестициялар, бизнес, ғылым және білім беру саласында бірқатар іс-шара өтті. Бағдарлама шеңберінде Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университеті мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті арасында «AI architect», «Data management» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша бакалавриат деңгейінде кадр даярлау туралы екіжақты келісімге қол қойылды, – деді ректор.
Белгілі болғандай, қос дипломдық бағдарлама биыл жүзеге аспайды. Әзірге жасанды интеллект және информатика жоғары мектебінің материалдық-техникалық базасы әзірленуде. Оған Корея тарапы қолдау білдіріп, қуатты компьютер мен дербес серверлер жеткізуді қолға алған. Дайындық сәтті аяқталса, 2025-2026 жылғы оқу жылынан бастап алғашқы студенттер қос диплом бағдарламасы бойынша білім алатын болады.
Айта кетейік, университет мәліметінше, бағдарлама шеңберінде 100 маман даярлау жоспарланған. Бағдарламаға қатысушылар екі университеттің академиялық талаптарын, соның ішінде міндетті және таңдамалы тапсырмаларды орындауы шарт. Сондықтан талапкерді іріктеу барысында академиялық және тіл меңгеру қабілеті, мәдениетаралық коммуникация дағдылары назарға алынбақ.
– Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебінде студенттер үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, университетте академиялық кеңес құрылады. Оған жұмыс берушілерді де қосу жоспарланған. Кеңеске ұсынылған кез келген цифрлық олқылықтың сандық шешімін табуды 2-3 курс студенттеріне жүктейміз. Осы арқылы бағдарлама жасау, код жазу секілді дағдыны іс жүзінде үйрене алады. Маңыздысы, 4-курс бітірген соң университет жанындағы бизнес-инкубаторда идеясын қорғап, стартап ретінде өнімін табыс көзіне айналдыра алады,– деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жасанды интеллект институтының директоры Нұрлан Құлмырзаев.
Осылайша Қазақстанда алғаш рет жасанды интеллект сәулетшілері мен деректерді басқару жөніндегі мамандар даярланады. Демек ЖИ-мен жұмыс істей алатын, жоғары білікті кадрлар саны артады деген сөз. Бұл аймақ үшін ғана емес, мемлекеттің технологиялық игілікті игеруіне септесіп, жаһандық білім үрдісінен қалыспауына жәрдемдесері анық.
Ерсін ШАМШАДИН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<