Қос халықтың ортақ мүддесі

66

0

Мажарстанға мемлекеттік сапармен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Будапешт қаласындағы Король сарайының Арыстандар алаңында ресми қарсы алу рәсімі өтті.

Мемлекет басшысын әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан қарсы алды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт бергеннен соң, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Содан кейін Құрмет қарауылы мен салт атты гвардия салтанатпен сап түзеп өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Шандор сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевты Венгрия Президенті Тамаш Шуйок қарсы алды. Бірге суретке түсу рәсімінен кейін Қазақстан Президенті Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.

Түскі ас форматында өткен кездесу барысында президенттер екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттарын талқылады. Мемлекет басшысы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған отыз жылдан астам уақытта бауырлас қос халық арасында тығыз саяси диалог, нәтижелі экономикалық серіктестік және берік мәдени-гуманитарлық байланыстар жолға қойылғанын атап өтті.

– Қазақстан мен Мажарстан ортақ тарих пен мәдениетке арқа сүйей отырып, екіжақты берік байланыс орнатты. Еуропадағы алғашқы елшілігіміз осыдан 30 жыл бұрын Будапешт қаласында ашылған болатын. Екі елдің нәтижелі ынтымақтастықты дамытуда зор әлеуеті бар. Мажарстан Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындады. Мұны ерекше атап өту керек. Менің осы сапарым көпқырлы ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге Қазақстан мен Мажарстанның ниетті екенін көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық аясын кеңейтудің маңызына айрықша тоқталды. Энергетика, көлік-логистика, металлургия, жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және басқа да салаларды дамыту мәселесінде екі елдің мүдделері сай келеді.

Өз кезегінде Тамаш Шуйок Қазақстан мен Мажарстан географиялық тұрғыдан алшақ жатқанымен, қос халықтың тарихы мен мүддесі ортақ екенін айтты.

– Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қазақстан – бүгінде Орталық Азияда экономикалық даму тұрғысынан жетекші ел. Сіздің еліңіз үшін халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты сақтау – маңызды басымдық. Қазақстан бейбітшілік пен тұрақтылыққа зор үлес қосып келеді. Бүгінде елдеріміз көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға және тұрақты байланыстарды ілгерілетуге күш салып отыр. Біздің мәдени қарым-қатынасымыз ғасырлардан тамыр тартады. Мажарлар қазақтардың тұрмыс-салтымен жақсы таныс. Алматы қаласының атауы біздің ана тілімізде әуезді естіледі. Өйткені халқымыз алманы «алма» деп айтады, – деді Мажарстан Президенті.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ-мажар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Ең алдымен, екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп,  Будапештке алғашқы мемлекеттік сапары қазақ-мажар стратегиялық серіктестігінің жаңа кезеңіне жол ашатынын жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<