Қос ішектегі дәуір үні

1461

0

Ұлттық Домбыра күні Сыр елінде жоғары деңгейде аталып өтті. Маусымның соңынан бастап ауыл мен аудандарда өткен домбыра шерулері Қызылорда қаласында жалғасын тапты. Орталық алаңда өткен «Домбыра – халық мұрасы» атты мерекелік шеруге қарт Қаратаудан айдынды Аралға дейінгі Сыр елінің күйшілік, жыршылық өнерін насихаттаушы өнер өкілдері қатысты.

Қос ішектегі дәуір үні

Айта кетелік, Ұлттық Домбыра күні 2018 жылдан бері офлайн және онлайн форматта тойланып келеді. Мұндағы мақсат – ұлттық құндылықтарды ұлықтау, қазақтың тарихы мен мәдениетін дәріптеу.

Домбыра мен күй өнері адамзаттың мәдени мұрасы ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген. Осынау айтулы күні қазақтың ұлттық аспабынан күмбірлеп шығар қоңыр үнді естіп, күй құдіретінен қуат алу үшін қаламыздың орталық алаңына тұрғындар көп жиналды.

Салтанатты шарада айтыс ақтаңгері, ақын Мұхтар Ниязовтың «Алтын домбырасы» көрсетіліп, халық аспаптар оркестрлері, фольклорлық ансамбльдер, жыршы-термешілер сахна төрінде жырдан шашу шашты.

Бұл кеште Қызылорда қаласы мен аудандардан келген өнер ұжымдары және белгілі мәдениет саласының үздіктеріне құрмет көрсетілді.

– Жаңару жолына түскен Қазақстанның рухани бейнесін айшықтап, тұғырын биіктетуде бүгінгі мерекенің маңызы жоғары екені айқын. Қадыр Мырза Әлі «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп бекер айтпаса керек. Қазаққа қиындықта сүйеу, қуанышта көңіл қанаты болған қара домбыраның қоңыр үні қанымызда, сарыны жадымызда, дауылпаз даусы ұлттық кодымызда сақталған.

Бүгінгі шараға барлық өнерпаздар қатысуда. Бізге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын ұйымдастырушыларға, қатысушыларға зор ризашылық білдіреміз. Ұлт пен рухтың ең тылсым сырларын шерткен домбыраның ішегі үзілмесін, сыңғырлы сұлу әуені санамыздан өшпесін, халқымыздың қасиетті ұлттық аспабы төрімізден кетпесін. Қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы – домбырамыздың төл мерекесі құтты болсын! – деді облыстық мәслихат хатшысы  Наурызбай Байқадамов.

Мерекелік кеште 200 өнерпаздан құрылған оркестр Әлшекейдің күйі «Терісқақпай», Мұрат Сыдықовтың күйі «Батыр баба», Құрманғазының күйі «Сарыарқаны» бір мезетте орындады. Ал оған ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Кеулімжай Ботабаев дирижерлық етті.

Салтанатты шеру облысымыздың түкпір-түкпірінен келген дәстүрлі өнер өкілдері мен өнер ұжымдарының концертіне ұласып, қала тұрғындарының көңілін бір серпілтіп тастады.

Айтпақшы, өнерпаздар тұрғындарды таңғалдыру үшін осы кешке ұзақ уақыт бойы әзірленген.

– Бұл – өте жауапты шара. 200 адамнан тұратын оркестр домбыраның қос ішегіндей үндесіп, өнер көрсетуі үшін көп тер төктік. Бұл кештегі туындылар тыңдарман жүрегінен орын алды деп сенемін. Жалпы қазір халықтың дәстүрлі өнерге ынтасы жоғары. Аудандарда жыр мектептері жұмыс істейді, домбыра үйірмелері жолға қойылған. Аяқалысы да жаман емес. Оқушылар республикалық байқаулардан жүлделі орындармен оралуда.

Осы дәстүрді үзбей, дәстүрлі өнерді дамыту үшін әлдеде жұмыс істейтін боламыз. Мәселен, алдағы қарашада атақты күйші Әлшекей Бектібайұлының 175 жылдығына арналған «Дәуірлер бейнесі домбыра үнінде» атты конкурс өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы басшысының орынбасары Рая Ділімбетова.

Бұл кеште Әлшекей, Құрақтың   Досжаны, Қазанғап, Мырза, Жалдыбай сынды дәулескер  күйшілердің бүгінгі жалғасы, күйші, композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Сыдықов  бастаған өнерпаздар өнері көптің көңілінен шықты. Ең қызығы, кеште өнер көрсеткендердің үлкені сексеннен асса, ең жасы 10 жастағы өнерпаз болды.

Өнер шеруі ұлттық саз өнерінің темірқазығына айналған Құрманғазы Сағырбайұлының «Махамбет» атты туындысымен түйінделді.

Тарихымызды қос ішегіне сыйдырған ұлы аспапты киелі санап, қастерлеп, төрге іліп қоятын қазақ халқы домбырамен әуелетіп ән шырқап, күмбірлетіп күй тартқан. Ұлтымыздың фольклорлық өнері өңірімізде қарқынды дамып келеді. Куә болған салтанатты кешіміз соның көрінісіндей.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<