Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев еңбек ардагері Жақай Бодықбаев пен Қызылорда облысының қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Хожбановты мерейтойымен құттықтады.
«Саналы ғұмырын елдік істерге арнап, бүгінде төрден орын алған, есімі жақсылар мен жайсаңдардың қатарында аталып, абырой биігінен көрінген ардақты ардагерлер қашанда құрметке лайық. Бүгін біз қос мерейтой иесінің қуанышына жиналдық. Ел ағасы, Сырдария және Қармақшы аудандарының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Бодықбаев Жақай Серікұлы 85 жасқа, қоғам қайраткері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда облысының қоғамдық кеңес төрағасы Хожбанов Әріп Битілеуұлы мерейлі 70 жасқа толды. Қонысбек Қазантаев, Елеу Көшербаев, Сейілбек Шаухаманов секілді тау тұлғалардың мектебінен өткен Жақай ағамыз қай істе де тындырымды, ізденімпаз, тиянақты, ұтқыр ұйымдастырушы екенін дәлелдей білді. Мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов өз естелігінде: «Жақай Бодықбаев – еңбекті пір тұтқан, өз бақытын еңбектен тапқан, өз бақытын өз қолымен жасаған азамат» деп лайықты бағасын беріп, еңбекқорлығын жоғары бағалаған.
Адал еңбекті ту еткен Әріп Битілеуұлы қай қызметінде де ел мүддесін бәрінен биік қойды. Ауылдарда салынған әлеуметтік нысандар, мектептер, жөнделген жолдар, жаңартылған электр желілері, тазартылған каналдар, су тасқыны кезеңіндегі табанды шешімдері сырдариялықтар жадынан әлі шыққан емес», – деді аймақ басшысы.
Актив отырысында Жақай Серікұлы мен Әріп Битілеуұлына облыстың «Құрмет» грамотасы табысталды.
Жиында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қорғанбек Қайруллаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Бекмырза Еламанов, Алмагүл Божанова, Мұрат Бақтиярұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Қылышбай Бисенов мерейтой иелерін құттықтады.
Жақай Серікұлы 1939 жылы Сырдария ауданы, Ақжарма ауылында дүниеге келген. Қызылорда ауыл шарушылығы техникумында агроном мамандығы бойынша білім алып, еңбек жолын Тереңөзек аудандық байланыс кеңсесінде почта агенті қызметінен бастаған. Түрлі басшылық лауазымдарды, оның ішінде 1992 – 1996 жылдары Қармақшы ауданының әкімі қызметін абыроймен атқарды. Мұнан кейінгі жылдары туған жері «Ақжарма» кеңшарында директор болды.
Әріп Битілеуұлы 1954 жылы 10 ақпанда Сырдария ауданында дүниеге келген. Қазақ ауыл шаруашылығы институтында инженер-механик мамандығы бойынша білім алып, еңбек жолын Алматы қаласындағы «Госкомсельхозтехника» орталық конструкторлық бюросының филиалында ІІІ категориялы инженер- конструктор қызметінен бастады. Сатылап өсіп Сырдария ауданының әкімі, Қызылорда облысының жер қатынастары басқармасының, облыс әкімі аппаратының, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымдарын абыроймен атқарды. Бүгінде ол басшылық ететін «Қамқоршы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ірі мұнай-газ компанияларымен бірлесіп, құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Әріп Битілеуұлы 2022 жылдан бері Қызылорда облысының қоғамдық кеңесіне төрағалық етеді. Қоғамдық кеңес алаңында аймақтың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге елеулі үлесін қосып келеді.
©️Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<