Қос мереке тойланды

931

0

Тарих беттерінде орны алтын әріптермен жазылған, қойнауы құтқа, елі берекеге толы, аты алты құрлыққа мәлім Арал қаласына 95 жыл.

Теңізді өлкенің төл мерекесі еліміздің Ұлттық мейрамы Республика күнімен бірге тойланып, орталық стадионда салтанатты шара өтті.

1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданып, еліміздің тәуелсіздігі жолындағы тұңғыш қадамы жасалынған болатын. Араға 13 жыл салып, ауданымызда Ұлттық мереке жоғарғы деңгейде түрлі шаралармен аталып өтілді.
Іргетасы 1905 жылы қаланған шағын қыстақ бүгінде еңселі қалаға айналды. Қазіргі таңда ауданның бас шаһарында 35 мыңнан астам халқы бар, кәсібі мен өнідірісі өркендеген өлкеге айналған. Тарихы бай, теңізбен сабақтасқан өңірдің төл мерекесіне арнап әртүрлі бағыттағы 95 түрлі шарамен қамтылды.

Үстіміздегі жылдың 7 қазанында Ұстаздар күнімен бастау алған мерейтой шымылдығы бүгін орталық иппадромдағы Республикалық ат бәйгесімен түйінделді.

Шежіресі теңізбен ұштасқан өлкеміздің мерейлі мерекесінде облыстық жазба ақындар мүшәйрасы, Әбілхан Махановтың 100 жылдығына орай «Аралым айдын шалқарым атты» республикалық ақындар айтысы, Нұртуған Кенжеғұлұлының 135 жылдығына орай «Мырзастан шыққан шайырлар» атты термешілер байқауы, «Алтын күз – 2022» ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, ұлттық спорттан түрлі жарыстар, мекемелер арасында сан алуан сайыстар, барлық білім беру ұйымдарында танымдық шаралар және кітапханаларда кітап көрмелері ұйымдастырылды.

Республика күні мен Арал қаласының 95 жылдығына арналған шара аудан өнерпаздарының «Бірліктің көзі, елдіктің өзі – Аралым!» атты театрландырылған қойылымымен бастау алды.
Қуанышты тойда аудан басшысы Серік Сермағамбетов барша Арал жұртшылығын қос мерейлі мерекемен құттықтады.
«Бүгінгі қаламыздың мерейтойымен тұспа-тұс келген, Ұлттық мереке – Республика күнімен баршаңызды құттықтаймын. Алты Алаштың Аралы атанған қаламызға биыл 95 жыл толды. Мерекелер аясында ауданымызда өздеріңіздің ерекше ықыласпен атсалысуларыңызбен ауқымды әрі маңызды шаралар өтуде. Осы игі іс шараға қатысып жатқан барша қауым, Сіздерге шынайы алғысымды білдіремін! Алдағы уақытта ару қаламыздың келешегі жарқын болып, әсем де, сәулетті шаһарға айнала берсін», – деп ізгі лебізін жеткізе отырып, жыл басынан бері ауданда атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Салтанатты кеште ауданның әлеуметтік-экономокалық дамуына, өсіп-өркендеуіне айрықша үлес қосқан жерлестеріміз Қойбағар Аяқбаев, Баку Өтегенұлы, Зияғаладин Өтенов, Асылбек Боранбай, Зауалхан Ермаханов, Бекқали Бекбауылов, Толыбай Абылаев «Арал ауданының Құрметті азаматы» атанды.

Ұлттық мереке қарсаңында, Қызылорда облысы әкімінің құрмет грамотасы және алғысы хатымен 14 азамат, аудан әкімінің алғысы хатымен 8 азамат марапатталды.
Биылғы жылы Арал ауданы мал және балық шаруашылығын дамыту бойынша аудандар арасында үздік деп танылған еді. Осы ретте, мерейтой аясында ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан 14 азаматқа «Жыл үздігі – 2022» номинациясы табысталды.

Тарихы теңізбен тамырлас қаламыздың салтанатты шарасы аудан өнерпаздары мен арнайы шақырылған Қазақ эстрада жұлдыздарының ән кешіне ұласып, мерекелік шараның ең думанды сәті түрлі-түсті отшашулармен түйінделді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<