Қос мерекеге орай 60-тан аса іс-шара өткізілмек

555

0

Сыр өңірінде Жеңіс мерекесінің шаралары 3-10 мамыр аралығында өткізіледі. 60-тан астам негізгі шара бар деді Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов.

Атап айтқанда, 2-15 мамыр аралығында барлық медицина ұйымдарында Соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға кешенді әлеуметтік-медициналық тексерулер, білім беру ұйымдарында әскери қызметшілерді, ардагерлерді қатыстыра отырып «Ерлік сабақтары», облыс музейлері мен кітапханаларда ашық есік күндері мен көрмелер, спорттық сайыстар мен эстафеталар, танымдық шаралар мен кештер ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, 3 мамыр күні облыстық «Айбын-2023» әскери-патриоттық жастар жиыны өткізіледі. Жиынға Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен аудандардан жасақталған 10 команда, 200-ге жуық студенттер мен оқушылар қатысады.

– 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған негізгі мерекелік шаралар Қызылорда қаласы мен аудандарда 5 мамырда, ал 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай Тағзым алаңына гүл шоқтарын қою рәсімі 9 мамырда өтеді. Қазақстандық батырлар туралы барлық ақпаратты жинақтауға мүмкіндік беретін осы мақсатта арнайы құрылған платформада онлайн форматта «Ер есімі – ел есінде» патриоттық шеруі өтеді. Барлықтарыңызды осы акцияны белсенді түрде қолдауға шақырамын.Сонымен қатар, өткен жылдан бастап еліміздің мемлекеттік туы түстес «Жеңіс лентасы» патриоттық лентасын мереке күндері жаппай кию бастамасы кеңінен қоғамдық қолдауға ие болған. Осы ретте, «Жеңіс лентасын» Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнін мерекелеудің бірыңғай шоғырландырушы атрибуты ретінде кеңінен пайдаланылып, халық арасында таратылады, – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<