Қос қарияға құрмет көрсетті

801

0

Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шәменов Республика күні мерекесіне орай Қызылорда қаласының тұрғыны ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл басшылық қызметтер атқарған, еңбек ардагері Ойшы Ысқақовты, өндіріс саласының ардагері, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Қарамырза Ақтановты құттықтады.

Қос қарияның иығына шапан жауып, «Облыстың Құрметті ардагері» медалін табыстады. Ойшы Ысқақов  Жалағаш  аудандық ауыл шаруашылығы басқармасын 23 жылға жуық басқарған.

– Облыстық ардагерлер кеңесінің мерейлі 90 жасымды елеп-ескергеніне ризашылығымды білдіремін. Сендер де менің жасыма келулеріңді Алла нәсіп етсін! – деп ақ батасын берді ол.

Қызылорда қаласында өндіріс саласында ұзақ жыл қызмет атқарған, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Қарамырза Ақтанов 88 жасқа келсе де, бір мезгіл жеке көлігімен халыққа такси қызметін көрсетеді екен. Еңбекке деген құлшынысы азаматтарға үлгі боларлықтай.

– Жастардың еңбекқор болғанын қалаймын. Мәселе ақша табуда емес, еңбек адамның ойын бөледі. Сондықтан жастар еңбек ете білсе, өз отбасының жағдайы артады, тұрмысы түзеледі, – деді көпті көрген қарт.  

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<