Қосымша білім беруде жаңа технология кең қолданыста

2515

0

Талай шәкірттің талабын шыңдап, жетістіктерге жетуіне қолдау танытатын қосымша білім беру орталығы әр баланың интеллектуалды дамуына, қызығушылығы мен дарынын айқындап, шығармашылық қабілетін шыңдауға, кәсіби бағдар алуына, сонымен қатар, өнердің барлық саласын меңгеруіне жағдай жасап келеді.

Айталық, оқыту технологияларын жетілдіре отырып, оқушыларды шығармашылыққа, ғылым негіздеріне жетелеу, заманға сай техникалық  мамандықтарға қабілетін дамыту үшін  ақпараттық  технология бағытындағы  үйірме  жұмыстары жолға қойылған. Бүгінде көркем-шығармашылық, бейіндік оқыту, туристік-қолданбалы, IT MAQORDA балалар технопаркі, мектепалды даярлық бөлімдері бойынша 1825 бала тәрбиеленуде.  Жалпы  үйірмелер  саны 48 болса, мектепалды даярлық топтарының саны – 13. Орталықта  24  оқу  кабинеті, кіші  хореография залы, 250 орындық акт  залы, әдістемелік  кабинет, костюмер кабинеті, архив,  шеберхана бар.

Сонау 1974 жылы пайдалануға берілген мекеменің тарихында қазірге дейін бірнеше мәрте құрылымдық өзгерістер орын алғанымен, қосымша білім беру мен тәрбиелеу бағытында бастапқы мақсатына сай лайықты жұмыс жүргізіліп келеді. Айта кетейік, мекеме 2020 жылдан бастап облыстық білім басқармасының Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің «Қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» болып аталады. Биылғы оқу жылында 79 педагог қызмет атқарды. Олардың қатарында жоғары, бірінші санатты ұстаздар, модератор, сарапшы, зерттеушілер, ғылыми-академиялық дәрежесі бар магистрлер бар.

Орталықта бес бөлім жұмыс жүргізеді. Мысалы, бейіндік оқыту бөлімінде жас тарихшылар, мультимедиа, математика, өсімдіктер әлемі, ағылшын тілі, қазақ тілі, орыс тілі үйірмелері оқушыларға қосымша білім бере отырып, алған білімін өмірде қолдана білуге тәрбиелейді. Үйірме жетекшілері балалар мен жасөспірімдерді шығармашылық белсенділікке, өз бетінше білімін жетілдіруге ынталандырады.

Туристік қолданбалы бөлімінде өлкетану, гауһартас, витраж, жас модельер, шебер қолдар, шахмат, тоғызқұмалақ, спорттық туризм, картинг, сиқырлы жіптер, бізкесте, жайдарман, батик үйірмелері оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытумен қатар кәсіптік бағдар алуына да мүмкіндік жасайды.

Көркем-шығармашылық бөлімінде домбыра, актерлік шеберлік, театр өнері, вокал, хореография, көшбасшы, жыр-терме, ал «Мирас» дәстүрлі ән үйірмелері жасөпірімдердің өнерге деген құштарлығын арттырып, қабілетін дамытуға жұмыс жасайды.

IT IMAQORDA балалар технопаркі бөлімінде оқушылар спорттық робототехника, 3D анимация және модельдеу, ИЗО студия, Vlog kadr, жас тілші, алғашқы техникалық модельдеу және робототехника, бейнелеу студиясы, көркем қыш және мүсін, архитектуралық дизайн, 3D макеттік студия, Edurobots, Green Art, мобилография, макеттер әлемі, мультипликация үйірмелеріне қызыға қатысады.

«Робототехника» үйірмесінің оқушылары жыл сайын дәстүрлі түрде  «KazRobotics» федерациясының ұйымдастыруымен өткізілетін «KazRoboSport» республикалық байқауында, «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялардың республикалық байқауында жетістіктерді бағындыруда. Атап айтар болсақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Білімнің салтанат құруы» бағыты аясында «KazRoboProject-2019» және «KazRoboSport-2019» облыстық чемпионатында Раушанбек Бейбарыс, Хамза Темірлан «Болашақ» университетінің білім грантын жеңіп алды. Ал 3D модельдеу  үйірмесінің  оқушылары Алматы  Қазақ  бас сәулет құрылыс академиясының  ұйымдастыруымен өткізілген «Менің  арманымдағы  үй» макеттер  байқауының  жеңімпаздары  және   грант  иелері Жұмабай  Бағлан 50% грант  жеңіп  алып,  КазГАСА  колледжін, Қытай  мемлекетінде  тіл  үйрену мақсатындағы оқуын аяқтап, мамандығы бойынша еңбек жолын бастады. Ерімбетов  Әлібек  50% грант  иегері  Евразиялық  ұлттық  университетін  дизайнер  мамандығы  бойынша  аяқтап, білімін жетілдіру жолында. Ал Тұрғанбек  Диана  Евразия   ұлттық университетінің  архитектор-дизайн  мамандығы  бойынша  50% грантын  жеңіп  алып, қазір  ІV курс  студенті. Сәбит  Нұрдәулет  Алматы  қаласындағы  Таңсықбаев  атындағы сәндік-қолданбалы  коледжінің 100% грантын жеңіп  алған,  ІV  курста  оқып  жатыр. Сондай-ақ, Әбдіғаппар  Нұрдәулет  100% грантын жеңіп  алып  КазГАСА  колледжін аяқтап, еңбек етуде.

Мектепалды оқыту бөлімінде 5-6 жастағы балаларға мектепалды даярлық топтарында ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес сапалы мектепалды білім беру жолға қойылған. Мұнда ата-аналар сұранысына орай балалардың жалпы мектепте оқуға дайындығының негізін қалыптастыру, сонымен бірге, ойын әрекеті арқылы олардың физиологиялық және психологиялық дамуына, шығармашылық әрекеттерінің қалыптасуына жағдай жасайды. Биылғы оқу жылында 274 бала мектепалды даярлық тобының оқу бағдарламасын меңгеріп шықты. Сонымен қатар, маусым-шілде айларында оқушылардың алғашқы білім дағдылары мен машықтарын қалыптастыру мақсатында жеделдетілген мектепалды оқыту топтары да  жұмыс жасайды.

Балалардың мектеп білімі аясында үнемі іске асырыла бермейтін салалардағы танымдық қызығушылықтары мен қажеттіліктерін қанағаттандыруға байланысты қосымша  білім беру іс-әрекеті кең қанат жайып келеді. Оқушылардың білімге деген түрлі сұраныстарына байланысты орталықтағы қосымша білім беру педагогтері оқу бағдарламаларын құрастыруға еңбек етеді. Айталық, бүгінге дейін әдістемелік кеңес қолдануға ұсынып, қосымша білім беру ұйымының басшысы бекіткен бірқатар авторлық бағдарламалар облыстық, республикалық байқауларда лайықты марапаттарға ие болып келеді.

Облыстық білім басқармасы мен «Qyzylorda» телеарнасы арасында, сондай-ақ, «Сыр медиа» ЖШС мен қалалық білім бөлімінің қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы арасында меморандумға қол қойылды. Осы орайда «Бала-ОRDA» бағдарламасы облыстық телеарна  арқылы ай сайын жарыққа шығып отыр.

Жазғы  демалыс  кезінде  балалардың   сауықтыру демалысы мен  бос уақытын ұйымдастыру  мақсатында қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығында «Zhazgy Time» танымдық-шығармашылық мектебі жұмыс жасап келеді. Онда балаларды спортқа баулып, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу үшін спорттық эстафеталар, топтық сайыстар өткізіліп тұрады. Сонымен қатар, «Үздік  аккаунт», «Менің Астанам» үздік  посттар  сайысы, «Нағыз  қазақ – домбыра»  блог  түсіру  сайысына қатысушылар дипломдармен, бағалы сыйлықтармен  марапатталды.

2019-2020 оқу жылында  облыстық  білім  басқармасының  тапсырмасына  сәйкес облыстық  оқу  орталығы  және  қалалық  білім  бөлімінің  қолдауымен   1  маусымнан  бастап  «Instagram»  әлеуметтік   желісінде   «Online_vacation_qzo»   парақшасы  ашылған болатын.  Осы парақша арқылы жазғы  демалысында балаларға кәсіби  бағдар  беру, тұлғалық  даму, азаматтық  көзқарас  қалыптастыру, мамандықты  дұрыс  таңдай  білу   бағытында  230  сабақ  түсіріліп,  көрсетілді.   «Онлайн жаз-2020»  парақшасында  ұйымдастырылған іс-шараларға 300-ден астам бала қатысты.

 Бұдан бөлек, облыстық  білім  басқармасының  тапсырысы  бойынша  «Qyzylorda» облыстық  телеарнасының  қолдауымен  түсірілген  тарихи-танымдық  «Туған  өлке»  айдары  жүргізіліп,   оқушылар  28  тарихи  бейнероликті  тамашалады. Ал «Әзіл  тime»  айдарында  қалалық  қосымша  білім  беру  оқу-әдістемелік  орталығының  «Жайдарман»  үйірмесінің  оқушылары   жетекшісімен  бірлесіп, балалық  шақтарынан  естелік  болатын  қысқа  вайн  түсірілімдерін  достарына  арнады. Қорыта айтқанда, «Онлайн  жаз-2020»  оқушылардың   демалысын   ұйымдастырудың  жаңа  форматының   тиімділігі сол – 23 мың оқырман  тіркеліп,  республика  көлемінде  Қызылорда  облысы  І  орынға  шықты.

Балалардың жазғы демалысын пайдалы әрі қызықты ұйымдастыру мақсатында осымен бесінші жыл  «Zhazgy Time» шығармашылық-танымдық мектебі ұйымдастырылуда. Оған жас ерекшеліктері бойынша 8-13 жастағы мектеп оқушылары қатыстырылуда, яғни, екі ауысым бойынша 200 бала қамтылады.

Жалпы қосымша білім беру ісінде оқушылардың биік жетістіктерді бағындыруына білікті педагогтердің еңбегі зор. Айталық, орталық директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Қызылорда облысы білім беру ісінің үздігі А.Төлегенова, республикалық туризм көпсайыстарының төрешісі, тоғызқұмалақтан ҚР спорт шебері Б.Досмаилов, ҚР І дәрежелі төреші Б.Елеусінов сияқты білікті мамандар қызмет етіп келеді. Сондай-ақ, Б.Науанқызы, Б.Накишева, С.Сәрсенбай, А.Садыкова, Е.Серманов,  Ж.Байдуллаева, О.Балғабай, О.Абдуллаев, Б.Раушанбек, М.Төлебаева,  Н.Ережепов, С.Қалыбаева сынды ұстаздар біліктілігі бойынша әр жылдары өткен байқауларда жүлде иеленіп жүр.

Бір сөзбен айтқанда,  қосымша білім беру мекемесінде заманауи технологиялар  отандық  және шетелдік   тәжірибе жүзінде, отбасылық және  халық  педагогикасындағы  құндылықтармен үйлескен тәсілдер  мен  әдістерді  таңдау арқылы баланың өзін-өзі  дамытуына  зор мүмкіндік   береді.

Меруерт ӘБДІХАЛЫҚОВА,

қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры

Қосымша білім беруде жаңа технология кең қолданыста
Қосымша білім беруде жаңа технология кең қолданыста
Қосымша білім беруде жаңа технология кең қолданыста

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<