Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштер қолбасшылығы бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәлімдеме мәтіні ҚР Қорғаныс министрлігінің сайтында орналастырылды.
ҚР Қорғаныс министрі міндетін атқарушының орынбасары Сұлтан Камалетдиновтің айтуынша, Қазақстан аумағында терроризмге қарсы күрес шаралары жалғасуда және олар лаңкестер толық жойылғанша жалғасады.
«Қазақстан Республикасының аумағында жағдай тұрақталуда және билік органдарының бақылауында.
ҰҚШҰ ұжымдық бітімгершілік күштерінің қолбасшылығына және жеке құрамына Қазақстан халқына көрсеткен бауырластық көмектері үшін алғыс айтқым келеді.
Бітімгерлердің анағұрлым маңызды объектілерді күзетке алуы, құқық қорғау органдары мен қарулы күштердің террористерге қарсы күреске жіберілген күштері мен құралдарының едәуір бөлігін босатуға мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының аумағында террорға қарсы операция жалғасуда. Ол террористерді толық жойғанға дейін жүргізілетін болады», – деді Сұлтан Камалетдинов.
ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің қолбасшысы Андрей Сердюков Алматыда демалыста немесе туыстарының жанында жүрген Ресей азаматтарын ұшақпен отанына жіберу ұйымдастырылғанын мәлім етті.
«ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешіміне сәйкес ұжымдық бітімгершілік күштер Қазақстан Республикасының аумағында орналасуын аяқтады.
Қазіргі уақытта бітімгершілік күштер бөлімшесі маңызды мемлекеттік, әскери және әлеуметтік маңызы бар объектілерді қорғау жөніндегі міндеттерді орындауда.
Әскери контингенттерді жедел орналастыру және қамтамасыз ету мәселелерін жедел шешкені үшін Қазақстан тарапына ризашылығымды білдіремін.
Ресей Әскери-ғарыш күштері әскери-көлік авиациясының ұшақтары Ресей Федерациясының аумағына оралуға ниет білдірген Алматы қаласында демалыста немесе туыстарының жанында жүрген Ресей азаматтарын жіберуді ұйымдастырды.
Ұжымдық бітімгершілік күштер бөлімшелерінің міндеттерді орындауы жағдай толық тұрақталғанға дейін жалғасатын болады», – деді Андрей Сердюков.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<